Баланы «ОМИКРОННАН» қалай сақтаймыз?

db29696580e39612 COVID-19: Соңғы поштадан...

Жыл басынан бері елде «Омикрон» штамымен балалар да ауыра бастады. Осыған орай үшінші оқу тоқсанынан бастап мектептер тиісті талаптар бойынша онлайн жүйеде оқытып жатыр. Балаларға арналған вакцинаға деген көзқарас та екіге жарылды.

Бірнеше жыл елде «лаң салған» вирусты инфекциялық аурудан өрендерімізді қалай сақтап қала аламыз? Ауырған күнде оның салдары қандай? Осы сұрақтар аясында «Астана медицина университеті» КеАҚ, балалар жұқпалы аурулар кафедрасының доцентi Баян ТҰРДАЛИНАМЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

– Баян Рысбекқызы, «Омикронмен» сырқаттанған жүкті ананың болашақ перзентіне аурудың әсері қандай болады?

– Нақты «Омикронға» байланысты жүкті ананың болашақ перзентіне қандай әсері болатыны туралы айту әлі ерте. Себебі, аталған штамм өткен жылдың желтоқсан айынан бастап таралды. Кез келген инфекционды ауру, коронавирустық инфекция, егер анасында ауыр түрде өтсе, анасының жүктілік мерзіміне байланысты әсері болуы мүмкін. Мысалы, бірінші триместрде ауырса жүктіліктің үзілуіне алып келуі мүмкін. Екінші триместр – ағзалардың қалыптасу кезеңі. Мұндай кезде сырқаттанса тікелей жедел респираторлы вирустық инфекциялар өзіндік бір әсерін қалдырады. Ол – әртүрлі, нақты бір органға деп айту қиын.

Мысалы, жүрек қалыптасып жатқан уақытында жүкті анаға УДЗ жасағанда, құрсақ ішіндегі нәрестеде гиперэхогенді фокус анықталып жатады. Ол да болжамды түрде жедел респираторлы вирустық инфекциядан пайда болады. Түптеп келгенде, жүктіліктің мерзіміне және болашақ ананың инфекционды ауруды қаншалықты дәрежеде өткергендігіне байланысты. Ал, егер нақты босанар алдында ана «Омикронмен» ауырса дүниеге келген баласына сынама жасалады. Жалпы, медицинада құрсақішілік инфекциялар деген болады. Бірақ коронавирустық инфекция бала туылғаннан кейін анасынан жұғады.

– Елде балалар да «Омикронға» шалдыға бастады. Оның әсері қандай болады деп ойлайсыз?

– Иә, қаңтар айынан бастап балалар арасында «Омикрон» штамымен аурушаңдық көрсеткішінің жоғарылағанын байқадық. Басқа вирустық инфекциялар тәрізді іш өту, дене температурасының жоғарылауы, жөтел, бастың ауруы, даусының қарлығуынан бастап ауыр дәрежеде ентігумен түсіп жатырғандар да бар. Барлығы дер кезінде, уақытылы емін алып жатыр. Ешқандай ауыр жағдайлар жоқ.

– Жазылғаннан кейінгі салдары? Ата-аналар нені білуі тиіс?

– Жазылғаннан кейінгі салдарына келсек, қазіргі уақытта жеңіл дәрежеде өтіп жатқандықтан, емделушілер толық жазылып, үйлеріне қайтып, сабақтарына оралып жатыр. Айта кететін жайт, невропатологта, кардиологта, онкологта диспансерлік есепте тұратын балалар бар. Оларда «Омикрон» ғана емес, басқа да инфекциялар өте ауыр түрде өтуі мүмкін. Сондықтан ең бірінші осы топтағылардың ата-аналары дер кезінде дәрігерге көрсетіп, емін қабылдауы керек.

– Бүгінде баласы сәл қызулап, жөтелсе өздігінен антибиотик салуға құмар аналарға маман ретінде не айтасыз?

– Дене температурасының көтерілуі – бұл ағзаның өзінің бейімделу реакциясы. Ол өте жақсы реакция. Себебі, дене температурасы жоғарылаған кезде бактериялар, вирустар өзінің тіршілігін жояды. Сондықтан егер өзіндік қарсы көрсеткіштері жоқ болса, ата-аналар бала инфекционды аурумен ауырып, дене температурасы жоғарылаған кезде оны препараттармен түсіруіне болмайды. Мұндай жағдайда бірінші кеңесіміз – суды көбірек ішкізу керек. Баланың ағзасы су ішіп, жақсы терлесе, қызуы да өздігінен түседі.

Ал, егер инфекционды жүктеме жоғары, баланың жеке ерекшеліктері, асқындыратын факторлары болса, біз ыстық түсіретін препараттар тағайындаймыз. Қызу мен жөтел – вирустық инфекцияның негізгі клиникалық симптомдары болып табылады. Ал, вирустық инфекцияға антибиотиктер ешқандай әсер етпейді. Көптеген аналар осындай белгілер пайда болысымен балаға бірден антибиотик береді. Ол мүлдем дұрыс емес. Біріншіден, баланың ағзасына зиян, яғни антибиотиктер ағзаға қажетті пайдалы бактерияларды жойып жібереді де, иммунитеттің инфекциямен күресу мүмкіндігін азайтады. Сондықтан антибиотик ішкен балалардың ауыру процесі ұзаққа созылып кетуі мүмкін.

– Балалар арасында түрлі инфекциялық аурулардың бары аян. «Омикрон» солармен салыстырмалы түрде алғанда қандай дәрежеде?

– Жалпы балалар арасында инфекциялық аурулардың түрі көп. «Омикронды», коронавирустық инфекцияны тікелей әсері, клиникасы да ұқсас тұмау вирусымен ғана салыстыруға болады.

– Балаларды «Омикроннан» қалай сақтаймыз? Оларға арналған вакцинаға көзқарасыңыз?

– Балаларды ең бірінші қорғау амалдары – жеке гигиена талаптарын сақтау және эпидахуалға байланысты көпшілік орындарға апармау, науқастармен байланысқа түсірмеу. Сонымен қатар, мектепке барғанда бетпердені дұрыс тағу, қолды үнемі антисептикпен залалсыздандыруды үйрету қажет. Осындай сақтық шаралары сақталмағандықтан инфекция жедел әрі тез таралады.

Әрине, вакцинаға кез-келген инфекционист қарсы болмайды. Инфекциялық аурулардың ең басты профилактикасы, сақтану жолы – вакцина. Бүгінде балаларға егіліп жатқан вакцина көптеген зерттеулерден өткен, дәлелді базасының қажетті деңгейі бар, сондықтан рұқсат етілген дүние. Канада мен Еуропаның бірнеше елінде екпені 5 жастан еге бастады. Бұл қауіпті коронавирустық инфекцияның ауыр салдарынан қорғай алады деп нақты айтуға болады.

Сұхбаттасқан Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз