Атырауда кей сыныптарда қашықтықтан оқыту жалғасады
«Онлайн форматта оқу — ата-ананың ерікті қалауы негізінде үшінші тоқсанның аяғына дейін жалғасады» деп хабарлайды Atr.kz
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мәлімдеді.
«Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 7 наурыздағы №4 «Атырау облысының шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» қаулысына сәйкес, облыс мектептерінің бірқатар сыныптары біртіндеп дәстүрлі форматтағы оқуға көше бастады. Дегенмен, кей ата-аналардың пандемия жағдайына байланысты, дәстүрлі оқу форматына толық дайын болмау жағдайлары да кездесуде.
Әрине, білім ұйымдары Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына бағынады. Дегенмен, баланың денсаулығы, өмір қауіпсіздігі барлығынан маңызды. Осы ретте, ата-ана баланың қауіпсіздігі үшін, онлайн форматта білім алуды жалғастыруды қалайтын болса, онда үшінші тоқсанның соңына дейін кей сыныптарда қашықтан оқыту форматы қала беретінін айтқым келеді» делінген Атырау облысы білім басқармасының телеграмдағы ресми каналында жарияланған мәліметте.