Атырауда бір тәулікте 9 адам коронавирустан көз жұмды, 98 науқас реанимацияда
Атырауда эпидемиологиялық ахуал күн санап ушығып барады. Қазіргі таңда облыстың реанимация бөлімшелерінде 98 пациент жатыр, олардың 10-ы жасанды тыныс алу аппараттарына қосылған.
«Ал, облыста бір тәулікте 435 адам Covid-19 жұқтырған. Қауіпті инфекцияның таралуы Теңіз кен орнында, Жылыой ауданында байқалып отыр» деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Атырау қаласында Covid-19 жұқтырудың 228 жағдайы расталды. Скрининг нәтижесінде Теңіз кен орнында 95 науқас анықталды.
Инфекция облыстың аудандарында да таралуда. Жылыой ауданында 56 науқас, Индер ауданында — 13, Исатайда — 13, Қызылқоға ауданында — 9, Құрманғазы ауданында- 6, Мақат ауданында — 6, Махамбет ауданында — 9 адам инфекция жұқтырған.
Өткен тәулікте облыста коронавирустан 88 адам емделіп шықты.
Қазір 8 693 адам үй жағдайында, модульдік ауруханада — 179, екінші облыстық ауруханада – 190 пациент, фтизиопульманологиялық орталықта — 81, кардиоорталықта — 101, теміржол ауруханасында — 102 адам ем алуда,
аудандық инфекциялық стационарларда — 372, облыстық ауруханада — 192, жатақханада — 145, Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда — 414 науқас жатыр.
Айта кетейік, инфекцияның таралуы бойынша Атырау облысы «қызыл» аймақта.