Атырау облысында тұрғындарды қайта вакцинациялау басталды
Қайта вакцинациялаудың бірінші кезеңінде бұған дейін COVID-19-ға қарсы вакцина алған азаматтардың 8 санаты екпенің үшінші құрамдас бөлігін алады, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Олардың қатарында дәрігерлер, полиция қызметкерлері, мұғалімдер, тәртіп сақшылары, жабық мекеме қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ созылмалы аурулары бар азаматтар бар.
Бүгін, 23 қарашада алғашқы ревакцинация алушылардың ішінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Мәдениет Танауов және Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев бар.
– 22 қарашада Қазақстанның барлық аймақтарында халықты ревакцинациялау басталды. Өздеріңіз білетіндей, 1 ақпанда мен Sputnik V векторлық вакцинасының бірінші компонентін, ал 21 күннен кейін екіншісін алдым. Бүгін мен QAZVAC инактивацияланған отандық вакцинамен қайта вакцинацияландым. Өзімді жақсы сезінемін. Облыс тұрғындарын да туыстары мен жақындарын қорғауға шақырамын, – деді Бақытгүл Хаменова.
Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтің айтуынша, бүгінде Атырау облысында векторлық және белсенді емес екпенің екі түрі егіліп жатыр.
-Вектор — «Sputnik V», ал қалғандарының барлығы белсендірілмеген.Векторлық вакцина алған адамдарға тоғыз айдан кейін инактивацияланған вакцинаны, яғни «Vero Cell» немесе «QazVac» алу ұсынылады. Ал кез келген инактивацияланған вакцина алғандарға Sputnik V векторлық вакцинаны жарты жылдан кейін жасау ұсынылады» деді Асхан Байдуалиев.
Еске сала кетейік, соңғы мәліметтер бойынша Атырау облысында 248 090 адам COVID-19-ға қарсы вакциналардың бірінші компонентімен егілді. Вакцинаның екінші компонентін облыстың 226 685 тұрғыны алды.