22 желтоқсаннан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасы өндіріле бастайды
22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдауы кезінде айтылды.
Мемлекет басшысының Ресей Президенті Владимир Путинмен жасаған келісіміне сәйкес осы жылдың 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынады. 2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминге отандық вакцина өндірісіне қатысты берілген тапсырманы жедел орындағаны үшін алғыс білдіріп, дәрінің тиімділігіне баса мән беруді және тұрғындарға қол жетімді болуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Еске салсақ, АҚШ, Италия және басқа елдердің университеттерінен зерттеушілер ресейлік «Спутник V» вакцинасына қатысты The Lancet журналының редакциясына хат жазып, препаратты сынау нәтижелерінде статистикалық ауытқулар бар екендігін айтқан еді. Оған Ресейдегі ғалымдар жауап берді.
«coronavirus2020.kz»