ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖАСАҒАН ҚЫЛМЫС МИНИСТРДІ ДЕ АЛАҢДАТЫП ОТЫР

Дүйсенбі күні Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингтің кезекті қонағы ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов болды. Құрылым басшысы халықтың тыныштығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Министр елде ауыр қылмыс санының азайғанына айрықшалап тоқталды.

– Соңғы үш жылда ауыр қылмыс саны 22%, айрықша ауыр қылмыс – 14%, адам өлтіру 21,5%, денсаулыққа ауыр түрдегі залал келтіру 9%, қарақшылық 50%, тонау 25,5% және пәтер тонау 3% азайды. Көшеде жасалатын қылмыс саны 4,7%, сондай-ақ жасөспірімдер қылмысы 9,4% төмендеген, – деді министр.
Жалпылай көрсеткіштер жақсырақ көрінгенімен, кейбір олқы тұстар да аз болмай тұр. Мәселен, бүгінде орташа ауырлықтағы қылмыс пен үлкен емес қылмыстардың саны айтарлықтай өсіп кеткен. Жасөспірімдер жасаған қылмыстар да министрді алаңдатып отыр. Ол кісінің айтуынша, жыл басынан бері жасөспірімдер 900-ден астам қылмыс жасаған. Оның 9-ы адам өлтіру, 10-ы ауыр дене жарақатын салу, 23-і тонау. Біраз аймақта жасөспірімдер қылмысы ұлғайып бара жатқан көрінеді. Кәмелетке толмағандардың үштен бірінен астамы мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың оқушылары екен. «Құқық бұзушылықтың алдын алу, негізінен, жастар арасында жүргізілуде. Біз Білім және ғылым министрлігімен және Мәдениет министрлігімен бірлесе жұмыс істейміз» деді Қ.Қасымов.
ҚР Ішкі істер министрі жұртшылықпен байланысқа маңыз беріп сөйледі. Естігеніміз, Қазақстанның тұрғындары құқық қорғау органдарына хабарласу үшін телефонды ғана емес, дүниежүзілік желіні де пайдалана бастады. Полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігін игеріп, азаматтардың хабарларын министрлік басшысының блогында қабылдай бастады.
– Біз қоғамдастықпен ашық, өзара әрекеттестік саясатын ұстанып отырмыз. Осы мақсатта интернетті белсенді пайдаланудамыз, министрліктің арнайы сайты жұмыс істейді, менің блогым бар, оған «сұрақ-жауап» режиміндегі хабарламалар түсіп тұрады. Өткен жылы блогқа 5,5 мыңнан астам хабар келсе, биыл 2 мыңнан астам хабар түсті. Республикалық сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді, – деді министр.
Қалмұханбет Қасымов бұқаралық ақпарат құралдарындағы, оның ішіндегі газеттерде жарияланған сын мақалаларды оқып отыратынын, барлық дерек бойынша тексеріс, қызметтік тергеу жүргізіліп, шара алатынын айтты. Министр жуырда Елбасы қатты сынға алған Астанадағы қылмыстық ахуалдың себебіне де тоқталды.
– Жуырда мен Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Астана бойынша жағдай туралы баяндап бердім. Президент жедел-тергеу қызметтерінің санын арттыру тұрғысында республикалық бюджет есебінен 1300 адамды қабылдауды бекітті. Қала әкімі жергілікті бюджет есебінен полиция қызметкерлерін арттыруға шешімін қабылдады. Олардың қатарында шолғыншы полиция мен учаскелік инспекторлар және басқалары бар. Жеті-сегіз айдың ішінде немесе бір жылда біз бұл адамдардың барлығын қабылдаймыз, – деді министр. Оның айтуынша, қыркүйек айында Астана маңында әскери қалашықтың құрылысы аяқталады. Мұнда Елордада қызметін атқаратын 2,5 мың мерзімді сарбаздар орналасады. Құрылым басшысы Астана тұрғындарына шаққанда полицейлердің жетіспейтіндігін, сондықтан Елордада қылмыс көлемі өсіп отырғандығына тоқталды. «Біздің Астанадағы күштеріміз 240 мың адамға есептелген. Соңғы санаққа қарағанда елорданың халқы 810 мыңға дейін артқан» деді министр.
Журналистер брифинг қонағына өзге сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз