ЖАЛҒАН АҚША ЖАРҒА ЖЫҚТЫ

Өткен жылы жер-жерден аяқасты қаптап кетіп, дерегі шыға бастаған жалған ақшалардың кездесу деректері оның артында ұйымдасқан топтың барынан хабар бергені рас. 2011 жылғы маусымда Атырау қаласының тұрғыны А.Бережная С.Датов көшесінде орналасқан «Юлас» дүкенінен азық-түлік алып, бес мың теңгелік купюрамен есеп айырысады. Сатушының оған қайтарған ақшасының ішінде тұтас екі мың теңгелік жалған болып шығады.
Сол жылдың наурыз айында «Халық банк» АҚ Атырау филиалында кассир болып жасайтын А.Төреқұловаға жанармай бекетінен келіп түскен инкассаторлық қаражаттың ішінен де қолдан жасалған он мың теңге анықталған. Осындай он мың теңгенің бірі тамызда жеке кәсіпкер И.Селяниннің қолына түседі. Қолды бір сілтейтіндей емес, күмәнді купюралардың қай-қайсысы да ірі сомадағысы. Көліктің арқасында нәпақа айырып жүрген таксишілер де одан көп зардап шекті.

Ақыры, «көп асқанға бір тосқан» деп, жеңіл жолмен байымақ болған алаяқтар қолға түсті. Судья Жұмағали Ташимов төрағалық еткен Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 1980 жылы дүниеге келген Аслан Ерғалиевты, 1982 жылғы Бегалы Шәмшиденовті, 1980 жылғы Аслан Аймұратовты, 1983 жылғы Бекболат Әбуғалиев пен 1980 жылы туған Еркін Орынбасаровты жауапқа тартты. 2010 жылдың ақпанында топтың ұйымдастырушысы деп табылған А.Ерғалиев жалған ақшаларды жасап, заңсыз баюға бағытталған, бірқатар ауыр қылмыстар жасау, нақты айтқанда, Қазақстан Республикасының номиналы 2000, 5000 және 10000 теңге түріндегі, сонымен қатар, 100 АҚШ доллары – шетелдік валютасы түріндегі жалған ақша таңбаларын жасау, сақтау және сату мақсатымен қылмыстық жоспар құрған. Содан соң өзінің заңсыз пиғылын іске асыру мақсатында, қажетті әрекеттердің үлкен көлемін, жалған ақша таңбаларының ірі партиясын жасау, сақтау және сату үшін құрылған қылмыстық жоспардың ауқымдылығын ескере отырып, таныстары А.Аймұратов, Б.Шамшиденов пен Е.Орынбасаровтарды оңай олжаға кенелуге үгіттеп, іске тартады. 
2010 жылдың наурызында А.Аймұратов ұйымдасқан топ басшысы А.Ерғалиевтың нұсқауын орындау барысында «S-Print» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен «Heidelberg GTO-46» маркалы баспа станогін, Горша жеке кәсіпкерінен көрінбейтін қорғаныс спектріне арналған флорисцентті-ультрафиолеттік бояуды, сондай-ақ, типтік зығырлық қағазын сатып алып, Атырау қаласына жөнелткен. Осы заттар А.Ерғалиевтың Атырау қаласы, Придорожная көшесі, 9-үйіне орналастырылған.
Бұдан соң А.Ерғалиев барлық үш купюраның фотошығар- ғыштарын даярлау процесі ұзақ уақытқа созылатынын анықтап, сатып алынған маркалы офсетті станогінде өңкей номиналы 2 мың теңгелік жалған купюралар басып шығаруды шешіпті. Ал, бұдан үлкен ұлттық валюта номиналдарын шығару үшін әдейілеп лазерлік пен ағындық типтегі түрлі-түсті принтерлерді сатып алады.
А.Аймұратов ұйымдасқан топ басшысы А.Ерғалиевтың нұсқауы бойынша, Алматы қаласында номиналы 2 000 теңгелік купюраның әрбір фрагментінің фотошығарғыштарын даярлап, әлдебір кісілермен байланыс орнатып, содан әрі ол заттарды А.Аймұратов Атырау қаласына жөнелтіп отырған. А.Ерғалиев болса, бұл заттарды қабылдап алып, Көкарна кентіндегі өзінің жекеменшік үйінің аумағына жайғастырады.
Шаруаны бүге-шігесіне дейін ойластырған жігіттер сақтық шараларын да естен шығармапты. Жасырын істің облыс орталығынан неғұрлым алшақ орналасқаны дұрыс болатынын білген олар кейін «баспахананы» Махамбет ауданына көшіреді. Ұйымдасқан топ мүшесі Е.Орынбасаров Махамбет селосына салмағы әжептәуір болатын құрал-жабдықты жүк автокранын жалдаудың көмегімен жеткізген.
2010 жылдың қазан айында А.Ерғалиев, Б.Шәмшиденов, А.Аймұратов және Е.Орынбасаровтармен бірге, «Heidelberg GTO-46» маркалы баспа станогін, сонымен қатар түрлі-түсті принтерлерді пайдалану арқылы, номиналы 2 000 теңгелікті 27 дана мөлшерінде, 5 000 теңгелікті 2 дана мөлшерінде және 10 000 теңгелікті 25 дана мөлшерінде, Қазақстан Республикасының теңгесі түріндегі жалған ақша таңбаларының бастапқы партиясын жасап шығарды. Оны жеке автокөлігіне тиеп әкелген А.Ерғалиев 2010 жылдың қарашасы мен 2011 жылдың қазаны аралығында «Мерей», «Дина» мен «Насиха» базарларына, май құю бекеттері мен «Идеал», «Атаба» мен «Анвар» супермаркеттері нүктелеріне амалын тауып өткізіп отырды.
Жалған ақшалардың қолдан қолға көшкеніне масаттанды ма, Асланға енді 100 АҚШ долларын басып шығару жөнінде ой келеді. Ол үшін А.Аймұратовтың қылмыстық ортадағы байланыстары арқылы Алматы қаласынан Атырауға доллар купюрасының фрагменттеріне қажет бояулар, қағаздар мен фотошығарғыштар жеткізіледі. Жасалу тәсілі бөлек дүние тағы бір мекен-жайдың болуын қажет етті. Тергеу барысында белгілі болғандай, топ мүшесі Б.Шәмшиденов ол үшін өзінің танысы Б.Әбуғалиевтен қала шетіндегі Химпоселок поселкесіндегі гаражын жалға беруді сұраған. Ол да «осал» болмай шықты. «Ортақ» істен тыс қалмай, ірі мөлшерде шетел валютасын заңсыз жасау, сақтау және сату жөнінде Әбуғалиевпен сөз байласып алады. 2011 жылдың қазан айы қылмыстық топ үшін «тарихи» шараның жүзеге асуымен есте қалды. Олар алғаш рет жалған 100 АҚШ долларын басып шығарды.
Көп ұзамай Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында гараждағы заңсыз әрекетті анықтап, алаяқтарды қолға түсірді.
Қылмыскерлердің жазықсыз жандарды сан соқтырып кетуіне сотқа куәгер ретінде қатысқан Була лақап есімді азаматтың уақыт созбай, ішкі істер органдарына хабарласуы себеп болған. 2009 жылы жазасын өтеп жатқан Булаға бұрын-соңды танымайтын Аслан Ерғалиев телефон соғып, «ортаға» жалған ақша басып шығару жөнінде ұсыныс жасайды. Куәгердің айтуынша, әдепкіде бас тартса да, әлгілер отбасына «қиын болатынын» айтып, қоқан-лоқы көрсеткен соң шарасыздан келіскен. Жұмысқа кедергі болады-ау деген ниетпен бізде табыла бермейтін аса тапшы, қат деген бояғыштардың керектігін айтып бағады. Әйтсе де, 40 млн. теңге шамасында қолдан жасалған ақша айналымға шығады. Була күткендей, іс мұнымен бітпепті. 2011 жылдың ақпанында Аслан қайтадан телефон соғып, бұрынғы ақшалардың сапасыз болғандығы себепті «қораға кіріп» кеткендерін, осы жолы мұқият әрекет етулері керектігін хабарлайды. Тағы да қорыққаннан келіскен Була қаржы полициясына өзін жалған ақша жасауға мәжбүрлеп жүрген топ жөнінде арызданады. Ол жерден қылмыстық топтың әңгімелерін жазып алу үшін берілген арнайы аппаратура арқылы оларды бұлтартпайтын айғақтар жинақталған-ды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 368-371, 373, 375, 377-380, 383-384 баптарын басшылыққа алған сот Аслан Ерғалиевты жеке меншігі болып табылатын мүлкін тәркілеп, он үш жылға; Аслан Аймұратовты он екі жылға; Бегалы Шәмшиденов пен Еркін Орынбасаровты тоғыз жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал, гаражын жалға бергенмен, біразға дейін онда не болып, не қойып жатқанынан хабарсыз болған, тек бір рет жаңсақ қадамға баруға шақ қалған Бекболат Әбуғалиевтың жазасын жеңілдететін жағдайлар ескеріліп, ол үш жыл сынақ мерзіміне кесіліп, осы уақыт аралығында оның мінез-құлқын бақылау Атырау қалалық қылмыстық-атқару инспекциясына жүктелді.

Құралай ҚУАТОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз