«Бес теңгелік» ғұмыр

bestengeliБарлығы да 5 мың теңгеден басталды. Колледжде бірге оқитын екі достың 16 жасқа толатын туған күні қатар келуші еді. Алып-ұшқан жас көңіл мұндай атаулы күнді қайткенде де атап өткісі келеді. Бірақ, қолда қаражат жоқ. Ақыры, Ж.Наурызбаев пен Т.Алпысбаев екеуі ойласып, 5 мың теңгеден жинап, соңғысының тұратын жерінде атап өтпек болады. Туған күн жақындаған сайын Наурызбаевтың көңіліндегі күдік қоюлана түсті. Соншалықты көп ақша болмаса да, айтылған соманы ол таба алмайтын еді. Не істемек керек? Әлі кәмелетке де толмаған жасөспірімге кенеттен жымысқы ой кірді. Көрші үйде тұратын қаладағы бір мекеменің есепшісі Мария Бооста мұндай ақша болатыны сөзсіз еді. Ол таңертең жұмысына барады. Сол кезде қолындағы сөмкесін жұлқа тартып қашса, ақшаға қарық болатыны анық.

Осы ойға нық бекінген бала 2009 жылғы 11 қараша күні таңғы сағат 07.30-да күндегідей үйінен шығып, жұмысқа беттейтін әйелді қолына ұстаған цилиндр тәріздес сопақша темір таяғымен күтіп тұрды. Ол әдеттегідей аулаға шығып, есікке беттей берген кезде Ж.Наурызбаев оның қолындағы қызыл сөмкесін жұлып, қашады. Алайда, сөмкенің құлағынан нық ұстаған Боос Мария жібермей тартқылап, өзіне кенеттен шабуыл жасаған көрші баланы танып қояды. Оқиғаның бұлай өрбитінін күтпеген Ж.Наурызбаев өзін әйелдің танығанын біліп, қолындағы темірмен бухгалтерді бір соғып құлатты да, басынан, бет-аузы мен құлағынан соққылап соға берді. Бойына ие бола алмай артық сілтеп қойғанын бала білді ме, жоқ па – әйтеуір, алған соққыдан М.Боос оқиға орнында көз жұмады. 
Наурызбаевтың қолына іздеген 5 мың теңгесінің орнына, 10 мың теңге келіп түсті. Одан басқа, кейін тергеу барысында белгіленгендей, марқұмның 15 мың теңге тұратын қол сөмкесі, 25 мың теңгелік «Нокия» маркалы ұялы телефоны, 20 мың теңгеге бағаланған әмияны, 5 мың теңгені құрайтын «Молитвенник», «Новая Завета» кітаптары мен «Розарий» кресті де жауқазындай жаңа ашылған жас өмірін кісі өлімімен бастаған баланың олжасына айналды. Наурызбаев өзінің олжалаған ақшасын қалтасына басып, ұялы телефонды жолдастарына сатып, қалған ұрланған заттарды далаға лақтырып кете барады. Бұл өзінің ауласында өлтірілген есепші туралы оқиға Атырау қаласына лезде тарап, полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларына кірісіп те кетеді.
Көп кешіктірмей жедел іздестіру тобы ұрланған ұялы телефон арқылы қылмыскерді құрыққа түсіреді. Құрықталған жас қылмыскер тергеу кезінде өзінің кінәсін толықтай мойындап, қылмыстық оқиғаның егжей-тегжейін толық баяндап береді, оқиға болған жерден айғақ заттар алынып, сараптамалар жүргізіледі. Мектеп ауласынан Боосты ұрған темір монтировка да табылды.
Сонымен, Наурызбаевты ҚР ҚК 96-бабының 2-бөлігі «з» тармағымен және 179-бабының 2-бөлігі «г» тармағымен айыптау туралы қылмыстық ісі Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түседі. Сотталушы өзіне қатысты қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарауды сұрап, алқабилер құрамы іріктеліп, басты сот талқылауы тағайындалады.
Шамамен үш айға созылған қылмыстық іс бойынша 2010 жылдың 31 мамырында Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ж.Наурызбаевты ҚР ҚК-нің 96-бабының 2-бөлігі «з» тармағымен және 179-бабының 2-бөлігі «г» тармағымен кінәсі дәлелденбегендіктен ақтау және сот залынан дереу қамаудан босату жөнінде шешім шығарады.
«Алдын ала тергеу кезінде дәлелдермен бекітіліп, қылмыскер өзінің кінәсін мойындап тұрған қылмыстық іс бойынша неліктен алқабилер құрамы ақтау үкімін шығарды» деген орынды сұрақ туады.
Сот барысында Ж.Наурызбаев жазадан құтылу үшін алқабилердің алдында өзінің жастығын, қылмысқа қатысы жоғын, тергеу кезінде мойындап берген жауаптарынан бас тартып, бұл жауаптарды полиция қызметкерлері қысымшылық көрсеткен соң мойындағанын айтып, жыламсыраған. Сотқа бірінші рет қатысып отырған алқабилер алдарында қаршадай баланың «кінәлі емеспін» деген жалынышты сөздеріне сенген болар. Сонымен қатар, қылмыстық іс бойынша жүргізілген сот-биологиялық сараптаманың №122 қорытындысына сәйкес Наурызбаев пен қайтыс болған Боостың қаны бірдей топта болуына байланысты олардың киімдерінен табылған қан дақтары екеуінікі де болып шығуы мүмкін деп көрсетілген. Бұл да ақтау шешімін шығаруға себеп болған болар.
Атырау облыстық сотының кассациялық алқасының 20 шілде 2010 жылғы қаулысымен Ж.Наурызбаев жөніндегі үкімнің күшін жойып, қылмыстық істі сол сотқа алдын ала тыңдау сатысынан басқа құрамдағы соттың қарауына қайта жіберу жөнінде шешім қабылдап, қылмыстық істі басқа құрамда қарауға қайта жолданады.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2010 жылы 25 тамызда істі қайта қарау барысында жаңадан алқабилер құрамын іріктеп, мына жайды анықтады. Басты сот талқылауының дайындық бөлімінде алдын ала тергеу кезінде жүргізілген сот-биологиялық сараптама сотталушы Ж.Наурызбаев пен жәбірленуші М.Боостың қан топтары бірдей екенін көрсеткен. Қылмыстық іс материалдарын зерттеп, істі дұрыс шешуге қажетті мән-жайларды объективті және жан-жақты зерттеу қажеттігін ескерген судья молекулярлы-генетикалық сараптама тағайындап, оны өткізуді ҚР Әділет министрлігі сот-сараптама орталығы Атырау қалалық филиалының Атырау облыстық ғылыми-өндірістік зертханасының сарапшысына жүктейді. Мария Климентьевна Боос пен Жақсығали Наурызбаевтың қан үлгілерін қайта тексеру нәтижесінде марқұмның киімдері мен заттарындағы қан дақтары қылмыскерге тиесілі екені, мектеп ауласындағы табылған темірден алынған қан дақтары Мария Боостікі екені анықталды.
Сот отырысында Ж.Наурызбаев бұрынғы үйреншікті тәсіліне салып, қайтадан өзінің кінәсіздігін айтып, неше түрлі айлаға салды. Алайда, бұл жолы алқабилер оның қойған спектакліне сенбеді, істегі оның кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдемелерді зерттей келе, өздерінің ішкі нанымымен бағалап, бірауыздан 2010 жылғы 9 қараша күні Ж.Наурызбаевты ҚР ҚК-нің 96-бабының 2-бөлігінің «з» тармағымен, 179-бабының 2-бөлігінің «г» тармағымен кінәлі деп танып, он жыл үш айға бас бостандығынан айырды. Оған жалпы режимдегі жазасын өтеу колониясы белгіленіп, сотталушыны сот залында қамауға алды.
Осылайша, бес мың теңге үшін бір адамның өмірін қиған жасөспірім қылмыскер ата-анасын зарлатып, темір тордың ар жағына кетті. Қайтыс болған М.Боостың қолындағы 85 жастағы сырқат анасы үйінде жалғыз қалды…

Жұмағали ТӘШІМОВ,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз