
Жасанды интеллект – болашаққа бағытталған білімнің негізі
Мемлекет басшысы айтып өткендей, Қазақстан алдағы бес жылда цифрлық дербестігі бар мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – білім беру жүйесін, әсіресе, информатика пәнін оқытуды жаңа сапалық деңгейге шығаратын сәт келді деген сөз.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі инженер, бағдарламашы, деректер талдаушысы немесе IT-жобаның жетекшісі. Егер біз осы жастарға жасанды интеллект негіздерін мектеп қабырғасынан бастап үйретпесек, оларды болашаққа толық дайын деп айта алмаймыз. Сондықтан ЖИ-ге қатысты стратегиялық құжатта білім беру саласы ерекше маңызға ие болуы керек деп ойлаймын.
Ең алдымен, ЖИ технологияларын мектеп бағдарламасына кезең-кезеңімен енгізу керек. Бұл бағытта Python тілінде нейрондық желілердің жұмыс істеу қағидаларын, машиналық оқыту логикасын түсіндіру сияқты бастапқы, жеңілдетілген модульдер қажет.
Информатика пәні мұғалімдері үшін арнайы біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылуы тиіс. Себебі, қазіргі бағдарламаларда ЖИ туралы тек қысқаша мағлұматтар ғана бар. Мұғалім – ең алдымен өз саласының заманауи жетістіктерін жетік меңгерген маман болуы керек.
Сонымен қатар, оқушылардың қызығушылығын арттыратын үйірмелер мен жобалық сабақтар, хакатондар мен ЖИ-ге арналған олимпиадалар көбейсе, бұл жаңа буын ІТ-мамандарын тәрбиелеуге жол ашады.
Анаргүл АБАТҚЫЗЫ,
облыстық әдістемелік орталықтың әдіскері