Жарнама
Цифрландыру

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту маңызды

Цифрлық технологияларды енгізу елдің дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруда шешуші рөл атқарып отыр. Осы орайда Атырау облысында заманауи телекоммуникация желілерін құру және интернет инфрақұрылымын жетілдіру бағытында кешенді шаралар қолға алынған.

Бүгінгі таңда аймақтағы ауылдық елді мекендердің басым бөлігі жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметінше, өңірдегі 153 ауылдың 132-сінде талшықты-оптикалық байланыс негізінде кеңжолақты интернет желісі іске қосылды. Нәтижесінде, өңір халқының 99,6%-ы сапалы интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш Атыраудың цифрлық даму деңгейінің жоғары екенін айғақтайды.

Облыс орталығы мен қала маңындағы аудандарда да желілік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Атырау қаласының халық тығыз орналасқан аймақтарында заманауи 5G желісі енгізіліп, 108 базалық станция іске қосылған. Ал Құлсары қаласында 6 заманауи байланыс нүктесі тұрақты жұмыс істеп тұр.

Сонымен бірге, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының аясында қосымша 38 ауылға талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланып отыр. Бұған қоса, облыс арқылы өтетін республикалық автожолдар бойында үздіксіз байланыс орнату мақсатында 5 арнайы антенналық-діңгектік кешен салынбақ. Қазіргі таңда бұл нысандардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, тиісті сараптамадан оң қорытынды алынған.

Атырау облысының цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары тұрғындардың ақпараттық қызметтерге қолжетімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын да жаңа деңгейге шығаруда.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button