Жарнама
Цифрландыру

Цифрлық дәуірде апостиль де онлайн

 Цифрландыру мемлекеттің тиімділігі мен ашықтығының көрінісі болса керек. Электронды үкімет жүйесін дамыту – Қазақстанның әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге, уақыт пен қаржыны үнемдеуге, ең бастысы – халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыруға бағытталған басты қадамдарының бірі. Осы орайда шетелге жолданатын ресми құжаттарға апостиль қою қызметінің де электронды форматта қолжетімді болуы – цифрлық реформалардың нақты нәтижесінің бір көрінісі.
   Халықаралық құжат айналымының заманауи талаптарына сәйкес, шетелге жөнелтілетін ресми қағаздардың заңды күшке ие болуы үшін арнайы рәсім – апостиль қою тәртібі қолданылады. Бұл құжатқа қол қойған адамның қолының түпнұсқалығын, оның өкілеттігін және бекітілген мөрдің заңдылығын растайтын халықаралық стандартқа сай мөртаңба.
  Айта кетейік, апостиль қарапайым мөр емес. Бұл – Гаагада 1961 жылы бекітілген көпжақты Конвенция негізінде жүзеге асырылатын халықаралық тану құралы. Осы Конвенцияға қатысушы елдер арасында құжаттарды қосымша заңдастырудың қажеті болмайды. Яғни, сот органдарынан берілген ресми құжаттарға апостиль қойылса, ол құжат өзге мемлекеттің аумағында да заңды құжат ретінде қабылданады. Бұл  уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік беретін тиімді жүйе.
    Сот құжаттарына апостиль қою рәсімі елімізде арнайы тәртіппен жүзеге асырылады. Қызмет түрін алу үшін азаматтар бірнеше арна арқылы жүгінуге құқылы.
   Атап айтқанда, бұл өтінішті:

-«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы;
-Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық және консулдық мекемелері арқылы;
-«Электрондық үкімет» порталы – www.egov.kz арқылы жолдауға болады.
Цифрлы дәуірдің басты артықшылығы қызметтің онлайн форматта қолжетімді болуы. ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы порталға кіріп, небәрі бір жұмыс күні ішінде апостиль қызметін алуға болады. Облыс орталықтарында да бұл мерзім бір күннен аспайды. Ал аудандық немесе шалғай бөлімшелерде бұл процесс бес жұмыс күнін алуы мүмкін. Сондай-ақ, дипломатиялық мекемелер арқылы да бес жұмыс күні ішінде рәсімделеді.
Айта кету керек, бұл мемлекеттік қызмет ақылы. Апостиль қойылған әрбір құжат үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік баж төленеді. Ал құжаттарды қабылдау күні қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Сот құжаттарына қойылатын апостиль тек техникалық рәсім емес. Бұл – елдің халықаралық беделін айқындайтын, сырт елдер алдындағы заңдық жауапкершілігін дәлелдейтін маңызды тетік. Сондықтан бұл қызмет түріне мұқияттылықпен, жауапкершілікпен қарау қажет.
Мемлекеттік қызметті жеке де, заңды тұлғалар да пайдалана алады. Қызмет аптаның жұмыс күндері ұсынылады.
Аталған бағытта Атырау облысы бойынша жұмыстарды үйлестіріп отырған жауапты маман – Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің облыстық департаментіне қарасты ұйымдастыру-талдау бөлімінің бас маманы Салтанат Ахмурзиева.
Халықаралық құжат айналымында құжаттың заңдылығы – мемлекеттің де мәртебесі. Осыны ескеріп, апостиль қою қызметіне жүгіну тәртібін білудің маңызы зор.
Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button