Жарнама
Цифрландыру

Цифрландыру – ашықтық пен жеделдіктің кепілі

Атырау облысында мемлекеттік қызметтер біртіндеп электронды форматқа көшіріліп келеді. Қазіргі таңда бұл қызметтер «Е-лицензиялау», «Е-собез», «Еңбек нарығы», «eatyrau.kz», «kezekte.kz», «Damumed», «Indigo» секілді ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылуда.

2023 жылы өңірде барлығы 7 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген болса, соның ішінде шамамен 6 миллион 850 мыңы электронды түрде орындалған. Бұл жалпы қызметтердің 98,4 пайызын құрайды.

Облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжановтың айтуынша, электронды қызметтер саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту салаларында онлайн қызметтердің үлесі айтарлықтай көбейген.

Eatyrau.kz өңірлік порталы өз жұмысын 2019 жылы бастаған. Бұл платформа арқылы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бағыттарында бірнеше мемлекеттік қызмет түрлері ұсынылады. Атап айтқанда «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту», «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру», «Эскизді келісуден өткізу», сондай-ақ «Құрылыс және реконструкциялау жобаларын әзірлеуге арналған бастапқы материалдарды ұсыну» сынды қызметтер осы портал арқылы қолжетімді. Бүгінгі күнге дейін портал арқылы 58 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

2023 жылдың 9 қазанынан бастап Атырау мен Құлсары қалаларында жер учаскелерін электронды түрде алу үшін өтініштер қабылдау процесі басталды. Өтініштер EGOV арқылы беріліп, одан кейінгі рәсімдер eatyrau.kz платформасында жалғасады. Қазіргі таңда бұл бағытта 1900-ден астам қызмет көрсетілген.

Алдағы кезеңде медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету және облыс әкімінің гранттарын бөлу процестерін де цифрландыру жоспарланып отыр.

Айта кету керек, өткен жылы геоақпараттық порталды жетілдіру шеңберінде «Атырау жастары» және «Берекелі баспана» тұрғын үй бағдарламалары толықтай цифрлық форматқа көшірілді. «Атырау жастары» бағдарламасы аясында 660 өтініш қабылданып, бүгінде өтініш берушілерге тиісті жолдамалар табысталған.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button