
Цифрландыру аясында кеңжолақты интернетпен қамту қарқынды жүруде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалар мен аудан орталықтарын сапалы әрі кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл тапсырманың орындалуы елді мекендердің цифрлық даму қарқынын арттыруда және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуда шешуші рөл атқарады. Осы мақсатта Атырау облысында бірқатар ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Бүгінде Атырау облысында барлығы 153 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 132 ауыл «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерде интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету» жобасы аясында сапалы интернетпен қамтылған. Осылайша, өңірдегі жалпы халықтың интернетпен қамтылу үлесі 99,6%-ға жетіп отыр. Бұл облыстың цифрлық инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметінше, интернет сапасын арттыру бағытында тек ауылдық жерлер ғана емес, облыс орталығы мен қалаішілік аумақтарда да жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Атырау қаласында халық көп шоғырланатын аумақтарда 5G технологиясы бойынша интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін 108 базалық станция орнатылған. Ал Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында бүгінде 6 базалық станция жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 38 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық интернет желісін тарту көзделіп отыр. Бұған қоса, республикалық маңызы бар автожолдар бойында үздіксіз байланыс орнату үшін 5 антенналық-діңгектік құрылым (АДҚ) салу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл 5 АДҚ-ның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Еркеназ ҚАЛИЖАН