
Цифрландыру
Атырау облысында әлеуметтік әмиян сервисі енгізілуде
Атырау облысында білім беру ұйымдарын цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл қаңтар айынан бастап өңірде «Әлеуметтік әмиян» сервисін іске асыру мақсатында 119 білім беру ұйымына «Alaqan» аппараттық-бағдарламалық кешені (АБК) толықтай орнатылып, қолданысқа берілді. Аталған жұмыстарға 722,8 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
Қалған 88 мектептің жаңа оқу жылына дейін 60-ына АБК орнату жоспарланған. Бұл мақсатқа 562,7 миллион теңге қарастырылып, қажетті қаражат бөлінді. Ал қалған 28 мектептің жағдайы әртүрлі. Атап айтқанда, 17 мектеп – интернаттық үлгідегі, 2 мектеп – кешкі білім беру формасындағы, 1 мектеп – күрделі жөндеу жұмыстарында. Сонымен қатар, 4 мектеп (Атырау қаласындағы №11, №30, №10 және М. Ломоносов атындағы орта мектептер) апатты жағдайда деп танылып отыр. Тағы бір мектеп оқушы санының аздығына байланысты (небәрі 6 оқушы) және округ орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасуына байланысты экономикалық жағынан тиімсіз деп танылған.
Бұдан бөлек, Атырау қаласындағы №17, №37 және №39 орта мектептеріне бұған дейін АБК орнатылғанымен, олар «Әлеуметтік әмиян» сервисіне әлі күнге дейін интеграцияланбаған. Бұл мәселені шешу үшін i7 Technologies ЖШС демеушілік негізде осы үш мектепке 2025 жылдың тамыз айында тегін АБК орнатуды жоспарлап отыр.
Жалпы, жүргізіліп жатқан бұл шаралар өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып, әлеуметтік қолдауды цифрлық форматта жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы оқушыларға берілетін көмек пен қолдаулар ашық әрі тиімді түрде үлестірілмек.
Еркеназ ҚАЛИЖАН