Жекеменшік мектепте неге сапа жоғары?

36 Білім

Облыс аумағындағы демографиялық өсімге байланысты орта білім беру мекемелерінің саны көбейіп келеді. Олардың қатарында мемлекеттен қаржыландырылатын жекеменшік білім ұялары да бар. Соларың бірі – биыл шәкірт қабылдай бастаған «Alash united gymnasium school» мектебі.

Шынында, елде жекеменшік мектептің көбеюі білім беру саласының дамуына оң әсерін тигізеді. Әсіресе, Атырау облысының жағдайында үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайтуға оң ықпал етері сөзсіз. Ал жекеменшік мектеп ашуды ойлаған кәсіпкерге мемлекет тарапынан білім беру қызметімен қоса, оны жан басына шаққандағы қаржыландыру тетіктері қарастырылған.

№э

Атырау қаласының «СМП-136» шағынауданындағы «Alash» мектеп-гимназиясы шәкірттерге қазақ және ағылшын тілдерінде тереңдетіп оқытады. Үш қабатты ғимаратқа барлық пәндік және лабораториялық кабинеттер орналасқан. «Alash arena» спорт кешенінде балалар түрлі үйірмелерге қатысады. Жасөспірімдерді табиғатқа оң көзқарасын қалыптастыру мақсатында мұндағы қызметкерлер арнайы алаңда пони жылқыларын да бағып отыр.

– Мектептің «Алаш» аталуы шәкірттер арасынан ағарту ісін дамытуға атсалысар, жүрегі халқым деп соғатын зиялы қауым өкілдері шықсын деген ниеттен туындап отыр. Сыйымдылығы 400 балаға арналған ғимаратта бір мезгілде оқитын оқушылардың оқу ақысы да қарапайым халыққа қолжетімді, 60-80 мың теңге аралығында. Оған қосымша үйірмелері де кіреді. Күні бойы мектепте болатын шәкірттер үш мезгіл тамақтанып, үй тапсырмасын орындап, түсінбеген тақырыптары бойынша қосымша білім алады. Айта кетерлік жайт, оқу ақысына бала тасымалы да кіреді. Оқушыларды таңертең әкеліп, кешкісін үйлеріне жеткізіп салу – біздің жауапкершілігімізде, – деді мектептің құрылтайшысы Әділет Дауталиев.

o 1

Әділет негізін қалаған мектеп өзге де жекеменшік білім ордалары секілді мемлекеттен қаржыландырылады. Мемлекет-тің тиісті талабынан шығып, толыққанды лицензия алғандықтан оларға қаражат бөлінген. Ұстаздардың жалақысы, жан басына шаққандағы шығындары өтеледі. Құрылтайшының айтуынша, балаларға төленетін оқу ақысы оларды тамақтандыру мен тасымалдауға жұмсалады.

«Alash» мектебіндегі 454 оқушыға сабақ беретін 40 ұстаздың 20-ға жуығы – жоғары санатты мұғалімдер. Бастапқыда қаладағы көптеген мұғалімдер ниет білдіргенмен, 30 сұрақтан тұратын тестілеуде 25 балдан жоғары жинаған және сабақ беру тәжірибелік конкурсынан өткен, орта жастағы педагогтар ғана жұмысқа қабылданған. Тестілеуден өтсе де, практикалық қабілеті жетпеген ұстаздар да болды. Ерекшелігі сол, мұнда оқушылардың ғана ағылшын тілі жетілдірілмейді, ұстаздардың да біліктілігі қатар дамытылады екен.

Мемлекеттік білім ордаларымен салыстырғанда, жекеменшік мектептердегі сапа жоғары екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ата-аналардың баласын жекеменшік мектептерге беруінің басты себебі осы болса, мұғалімдердің қызығушылық танытуы – ондағы жеке жарналар есебінен жоғары жалақы, әлеуметтік бонустардың қарастырылуында. Бастысы, жекеменшік мектептер елдің білім саласында бәсекелестік туғызуға ықпал етеді. Сондықтан бүгінде үздік жекеменшік мектептер тәжірибесін аймақтарда үлгі етіп жүргендердің қатары көп.

Әрине, мұндай мекемелерге қалың бұқараның бизнес көзі ретінде қарауы заңдылық. Бірақ мұның әлеуметтік жоба екені естен шықпағаны жөн. Өйткені, оның табысы ақшамен емес, оқушылардың алған білімі, интеллектуалы және болашақтағы тұлғасына қарап айқындалары сөзсіз. Өйткені, біз әңгімелескен мектеп директоры Тоғжан Исағұл оқушылардың smart технологиямен оқитынын айтып қалды.

t

– Оқушыларға тапсырма олардың білім деңгейіне қарай беріледі. Мысалы, мемлекеттік мектептерде I немесе II нұсқалы ғана тапсырмалар берілсе, біз әр балаға бөлек тапсырма беріп, оның қабілетіне қарай жеке жұмыс жүргіземіз. «Бестік» бағамен оқитын балаға өз деңгейінде, «үштік» бағамен оқитын балаға өз шамасына қарай тапсырма дайындалады. Сонда олар сабақ жұмысын бір-бірінен көшіре алмайды, өзінің қабілет-қарымын, білім-білігін іске асырады. Балалардың сабаққа араласу белсенділігі де, ынтасы да жоғары. Биыл жаңадан ашылып жатқан соң оқушыларды IX сыныпқа дейін ғана қабылдадық. Алдағы жылдары X-XI сыныптарға да шәкірт қабылдау жоспарымызда бар, – деді мектеп басшысы.

Білім ордасы қазақ және ағылшын тілдерінен тереңдетіліп оқытылатындықтан, орыс сыныбы ашылмаған. Тек «Орыс тілі» пән ретінде ғана оқытылады. Ал барлық пән мұғалімдеріне ағылшын тілінің күнделікті қызметте қолданылатын сөздіктерін жаттау міндеттелген. Себебі олар оқу жылының екінші тоқсанынан бастап, сабақтарын ағылшын терминдерімен өткізеді. Жасыратыны жоқ, ағылшынша жақсы оқып, «қызыл» дипломмен бітірген маманның өзі де ағылшынша ауызекі сөйлеуде шорқақ келеді. Сондықтан мұнда мұғалімдердің біліктілігін дүркін-дүркін арттыруға айрықша ден қойылған.

Мектеппен танысуға арнайы келген біздің назарымызды «Alash arena» спорт кешені аудара берді. Үш сыныптың оқушыларын бір мезетте қамти алатын үлкен ғимаратта олар қалаған спорт түрімен шұғылданады. Футбол, баскетбол, волейбол, шахмат, таеквандоға шынықтыратын арнайы нұсқаушылар да бар. Тіпті садақ ату мен қолөнер үйірмелері де көңілге жылылық ұялатады екен. Бұл – бабы да, бағасы да келіскен білім ұясының басты артықшылықтарының бірі. Саннан гөрі, сапаны көздеп отырған заманға лайық мектептің сұранысқа ие болуының бір сыры да осында болса керек.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз