Жарнама
Білім

ЖАС ДАРЫНДАР ҰЯСЫ

Қазақстанның ең үздік саналатын жүз мектебінің қатарына енетін аталмыш білім ордасының 5 сыныбына биыл 61 бала қабылданып отыр. Олар — қатаң сынақтан сүрінбей өтіп, сайдың тасындай іріктеліп келген білімді ұландар. Өткен жылы мектепті 56 түлек тәмамдаса, оның 24-і мемлекеттік білім грантын жеңіп алды. Бүгінде олар еліміздің іргелі оқу орындары мен шет елдің маңдайалды университеттеріне түсіп, студент атануда.
Ел Әнұраны шырқалып, көгілдір Ту әкелінген соң облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы жиналғандарды жаңа оқу жылымен құттықтап, сәт сапар тіледі.
— Қай уақытта да білім мен ғылымға ерекше маңыз берілген елдің өркениеті білімдарлығымен бағаланған. Білімнің негізі мектепте қаланады, сондықтан да мектеп қазіргі кезеңде тек қана бүгінгі күн үшін емес, болашақ үшін де жауапты.
Бүгінде білім саласындағы реформалар өзінің жемісін беруде. Облыстағы 197 орта оқу орнында да 97 500 оқушы білім алғалы отыр. Ал, оның 10 700-ден астамы алғаш мектеп табалдырығын аттауда. Өткен оқу жылы 68 оқушы алтын белгіге ие болса, 58 оқушы үздік аттестат иегері атанды. Қазақстан бойынша жеті түлек ҰБТ-да жоғары балл жинаса, оның үшеуі біздің өлкеден. Бұл — облыстың білім беру саласындағы жетістік. Ендеше, 11 сынып оқушылары осы көрсеткішті алдағы сынақтарда қайталайды деген сенім бар, — деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан білім беру мекемелеріндегі оңтайландыру, оқу-тәрбие үрдісін жаңғырту және білім беру қызметінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру бағыттары бойынша алда әлі де жұмыс жасалатынын айтты.
Мектеп директоры Амангелді Шалабаев орта білім беру ұйымдары арасында өткен облыстық сайыста үздік деп танылған аталмыш білім шаңырағына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің 15 миллион теңге көлеміндегі білім грантын табыстағанын және бұл қаражаттың оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалатынын жеткізді.
Мектеп-интернаттың 2003 жылғы түлегі Руслан Абулханов та өз кезегінде шәкірттердің егемен елінің абыройын асқақтатар азамат болып өсулеріне тілек білдірді. 11 сынып оқушылары атынан сөз алған Дархан Құрманбай алдағы сыннан сүрінбей өтіп, өздеріне жүктелген сенімді ақтайтындарын айтты.
Алғашқы сабақтарға қатысқан Шыңғыс Жұмабекұлы 11 сынып оқушыларын алдағы білімдерін таразылап, саралайтын сыннан сүрінбей өтуге тілек білдірсе, 6 сынып шәкірттеріне басшылардың білім алуларына жағдай жасап отырғанын, ал олардың өз кезектерінде жақсы оқып, мүмкіншіліктерін көрсетуді тапсырды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button