ЖАН-ЖАҚТЫЛЫҚ АРТЫҚШЫЛЫҚ ПА ?
Қазақстаннан шипа таппай, Еуропа елдерінің бірінің, айталық, Германияның бір ауруханасының ота үстелінде жатқан пациентке хирургтің жағрафиялық білімнен скальпелді ұршықша иіретін білігі әлдеқайда маңыздырақ.
Жалпы, жан-жақтылық – бізге алғашқы қауымдастық кезеңінен, адамдардың бастапқы табиғи шаруашылығынан қалған дәстүр. Бір әулет немесе қауым барлық қажеттілікті өз қолымен атқарады. Нан керек пе – дән егеді, жинайды, ұнтайды, пісіреді. Ет керек пе – мал бағады, сояды, азық қылады. Тон керек пе – тері илейді, киім керек пе – жүн иіреді. Бара-бара бір шаруашылықпен айналысатын қожалықтың еңбек өнімділігі жоғары екенін біліп, бір салаға мамандана бастады. Айырбас, сауда-саттық жолға қойылды. Эволюция қазіргі өмір салтына алып келді. Нан жеу үшін немесе киім кию үшін адам егін егіп, не көйлек тігуді білуі қажет емес. Қай саланың маманы болсаң, қай салада бәсекеге қабілеттісің – демек, сол салада еңбек өнімділігің жоғары, яғни табысың жоғары. Көйлек тігуге немесе нан илеп-пісіруге кеткен бір сағат уақытыңда маманданған салаңдағы қызметіңнің ақысына екі-үш көйлек не екі-үш нан сатып алуға болады. Қорыта айтсақ, жан-жақты болу – мамандануға, өз салаңның шыңына шығуға, демек, өз еліңнің, тіпті адамзат тарихында ізіңді қалдыруға қолбайлау. Сондықтан, жан-жақты болу тиімсіз.
Адамзаттың «артында мұрасы қалған пионер-ғалымдары Аристотель, Платон, Әл-Фарабилер жан-жақты болды ғой» деген сұрақ тууы ықтимал. Философ, математик, физик, анатомист, музыкант… Орта ғасырлардағы Ренессанс заманында өмір сүрген Леонардо да Винчиге дейінгі «әмбебап адамдардың» қабілетіне еш шүбә келтіруге болмайды, әрине. Дегенмен, олар да қауымдастық заманындағы адамдар сияқты әртүрлі саланың әліппесін қалыптастырғанымен, қазіргідей терең бойлауға бір адамның ғұмыры аздық етті.
Қазіргі орташа хирургтер немесе архитекторлар «уақыт көлігімен» сол заманға тап болса, сол заманғы баба-ғалымдар құдайындай қарсы алған болар еді. Себебі, ол замандағы прогресс деңгейіне бірнеше салада ұлы атануға бір адамның ғұмыры жетсе, қазіргі заманда әр сала түгілі, бір саланың ғұламасы болуға бір адамның ғұмыр жасы жете бермейді.
Түйін – ендігәрі әмбебап Әл-Фарабилердің шығуы неғайбыл. Адамның азғанынан емес, уақыттың тарлығынан.
Уақыт – жетістік факторы. Орта білім алып шығуға адам 10 жыл уақыт жұмсайды. Мамандық алу үшін тағы да 3-9 жыл уақыт керек. Жақсы кардиохирург болу үшін мамандық алып шыққан соң тағы кемінде 10 жыл қызмет етесің. Санасақ, 40 жасқа таман ғана кардиохирург тәжірибелі маман атанады. Өмірдің жартысы. Ал, жаңалық ашу үшін тағы ондаған жылдарды зерттеуге жұмсайсыз. Жұмсаған уақыттың нәтижесі бола ма, болмай ма, жаңалық ашасыз ба, жоқ па – бұл бөлек әңгіме.
Адамның өмір жасын ұзарту – түптеп келгенде, адамзат дамуының негізгі қозғағышы. Мемлекеттің алдына 2050 жылға дейін Қазақстан халқының орташа жасын 80 жасқа жеткізу мақсаты қойылды.
Осы уақытқа дейін дүниеге келген жаңалықты игеріп, меңгеріп бола бергенде Қазақстан азаматының орташа өмір жасы жетпей жатса, адамзат дамуына ұлт ретінде үлес қоса алмаймыз. Демек, өмір жасы ұзақ елдердің дамылдап дамудың шоғын сөндірмей отыруының бір құпиясы осында. Жетістігі бар жерде жағдай жақсарады, жағдайы жақсы ел ұзақ өмір сүреді, көп жасайтын ел жаңалық ашады.
Дүниежүзілік денсаулық ұйымының пайымдауынша, өмір ұзақтығы мыналарға байланысты:
— 50% — өмір салтына (өзіңе байланысты);
— 25% қоршаған ортаға (табиғат, экология);
— 15% генетика (тұқымыңа байланысты);
— 10% — медицинаға.
Ұзақ өмір сүріп, білім-ғылымды игеріп, жаңалық ашу арқылы жеке басына, еліне, әлемге пайда әкелу кез келген адамның тіп-тіке өзіне байланысты – айтпаса да түсінікті заңдылық.
Ақпарат көбейген сайын уақыт азайып бара жатқан, жылдамдық артқан сайын әлем кішірейіп келе жатқан мына заманда жастар әр саланың басын бір шалып, көрінген төбенің басына шығуға талпынбай, бір шыңды бетке алғаны әлдеқайда тиімдірек болмақ.
Еврей деген халықтың табыстылығының бір сыры – өзін-өзі тапқанша дамыл таппауында, тапқан соң аузын салған саладан басын алмауында, өмірін сол салаға арнауында.
Тек белгілі бір ұлт өкілдерінің емес, жетістікке жеткен барлық жұмырбасты пенденің табыстылық формуласы – жан-жақтылықта емес, біржақтылықта, атүстілікте емес, ес-түссіз берілуде.
Шыңғыс МҰҚАН,
Атырау облысы әкімінің орынбасары.