ЖАМИҒА ТАҢАТАРОВА: «АТЫРАУЛЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ДА ЖАҢАЛЫҒЫ БАР»
Сайын далада төрт түлік малын өргізген алаш баласы бұл күнде Астанадағы алып океанариумда акула бағатын күнге де жетті Кезінде хакім Абай арман еткен ғылым да қазақтың қолайына илікті. Ғылымдағы жаңалықтар бала күнімізде әжеміздің қалтасынан сығымдап шығаратын тәттісіндей анда-санда тың жерге түрен салып, елді елең еткізетіні бар. Соның ішінде атыраулық ғалымдар да төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы ілгері озған елдерден қалыспай, жаңа бетбұрыстар мен өрлеу кезеңіне аяқ басты. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Жамиға Таңатаровамен сұхбат барысында аталмыш оқу орнындағы ғылыми ізденістерге тоқталдық.
– Жамиға Тәжікқызы, еліміз әлемдік өркениетке қол созған тұста қай салаға болмасын қойылар талап та салмақтана түсті. Осы ретте өзіңіз еңбек ететін жоғары оқу орнының ғылыми әлеуеті қандай деңгейде?
– Еліміздің батыс өңірінің үдемелі индустриялық-инновациялық және тұрақты әлеуметтік-гуманитарлық дамуын нығайту, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, адами ресурстардың сапасын жақсарту, интеллектуалды ұлт қалыптастыруды кадрлық, ғылыми-технологиялық және социомәдени тұрғыдан қамтамасыз ету – Халел .Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің стратегиялық миссиясы.
Университет – 46 мамандық бойынша кәсіптік білім беру қызметін жүзеге асырып отырған өңірдегі бірден-бір мемлекеттік жоғарғы оқу орны. Мұнда 420 профессор-оқытушы болса, оның 23-і ғылым докторы, 139-ы ғылым кандидаттары және доценттер, сондай-ақ, 6 PhD докторы, 126 магистр еңбек етуде.
Біз әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуді мақсат етіп отырмыз. Президент былтырғы Жолдауында да қазақстандық экономиканың кадр дайындау және қайта дайындау жүйесіне ден қойып, «қазір ғылым мен инновацияның күні туған заман» деп атап өтіп, бүгінгі және болашақтағы бар жетістіктеріміздің негізі – ғылымды дамыту болатынына тағы да назар аудартты. Осы бағытта жоғары білікті кәсіптік-техникалық кадрлар даярлау мен сапалы білім беруде университет ұжымының да өз үлесі бар.
– Университетте қандай ғылыми-зерттеу орталықтары бар?
– Университетте ғылыми-зерттеу жұмыстары тұрақты түрде серпінді даму үстінде. Бұған университет қабырғасында ұйымдастырылған ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық, республикалық және халықаралық конференциялар, форумдар мен жыл сайын өткізілетін дәстүрлі студенттердің ғылыми апталығы, семинарлар мен үйірмелерді есепке алмағанда, оқу орнында 2012 жылдан бері Зейнолла Қабдолов атындағы ірі ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Бұл біріктірілген орталық гуманитарлық, агроэкономика, археология, биотехнология, экология, математика және информатика, технология және басқа да салаларды қамтиды. Бүгінде «Метрология» зертханасы жасақталуда.
– Дұрыс-ақ. Ал, нәтиже жағы қалай?
– Университет ғалымдары түрлі салалар бойынша іргелі және қолданбалы инновациялық жобалар жазып, әртүрлі деңгейдегі байқауларға қатысып жүр. Алдыңғы жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Дүниежүзілік банктің, «Аджип ҚКО» сияқты ірі компаниялар мен салалық, ведомстволық министрліктердің жариялаған конкурстарына, тендерлеріне қатысып, табысты нәтижелерге қол жеткізді. Мысалы, 2015 жылы екі ғылыми жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттарын ұтты. Атап айтар болсақ, «Экология» зертханасының (жетекшісі –доцент Г.Төлемісова) «Жайық-Каспий» бассейнінің токсикологиялық жағдайын зерттеу» және «Биотехнология» зертханасының (жетекшісі –профессор С.Сағындықова) «Түйе сүтінен жаңа сусын дайындауда қолданылатын стартерлік культура штамдарын бөліп алу және зерттеу» жобалары үздік ғылыми еңбек деп бағаланды.
Университет зертханалары қазіргі заманғы талаптарға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. «Экология» зертханасы аттестациядан өткізіліп, ауыз су, жерасты және ағынды сулардың химиялық құрамын анықтауға, тазалығын тексеруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, бұл зертхана 2015 жылдың ақпанында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қызмет көрсету саласы бойынша лицензияға ие болды. Зертханаларды заманауи құрал-жабдықтармен жаңарту ісі жалғасуда.
«Экология» оқу-ғылыми зерттеу орталығында жүргізілетін ғылыми жұмыстар бағыты Жайық-Каспий бассейнінің гидрология-гидрохимиялық режімін зерттеу, токсикологиялық ластану деңгейін бағалау және Атырау қаласының тұрғылықты аймақ, транспорт тораптарындағы, сондай-ақ өндіріс өңірлеріндегі ауа бассейнінің экологиялық жағдайын зерттеу болып табылады. Гранттардың бірінші транштары игеріліп, есептері өткізілді.
– Патентке ие болған ғылыми еңбектер бар ма?
– «Биотехнология» зертханасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің конкурстық гранттар жүйесі бойынша «Сапалы балық шұжығын жаңа технологиямен дайындаудың микробиологиялық негізін жасақтау және өндіріске енгізу», «Мал сүрлемін дайындауда микроорганизмдердің жаңа штамптарын қолдану технологиясын жасақтау және шаруашылыққа енгізу» жобаларын жүзеге асырып, патенттерге ие болды.
Алдыңғы жылы «Түйе сүтінен диеталық, экологиялық таза, жаңа сусын дайындау әдістері» жобасы да инновациялық патентті иеленді. Бұл жобалар ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік үдеріске енгізіліп жүр. Алайда, оны өндіріске енгізу қаржылық қолдауды қажет етеді. Ал, 2014 жылы «Археология» ғылыми зерттеу орталығы университеттен бөлінген қаржыға «Сармат» жеке кәсіпорнымен бірлесіп, Махамбет ауданының «Ақжайық» селосындағы «Жангелді-2» қорымында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, көптеген сармат заманына жататын тарихи жәдігерлерді тапты. Бір сөзбен айтқанда, атыраулық ғалымдардың да жаңалығы, ғылымға қосқан өз үлестері бар.
– Мектеп оқушыларының жоғары оқу орнына зерделі, білімді шәкірт болып қадам басуы аса маңызды. Университетте орта мектептермен байланыс бар ма?
– Байланыс бар деп айта аламын. Бір-екі мысал келтірейін. Мектеп мұғалімдері мен оқушыларға ғылыми-әдістемелік, практикалық көмектер көрсету мақсатында №16 орта мектепте математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының филиалы ашылды. Университетте «ЖОО–мектеп» деңгейіндегі кафедра және мектеп мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігі дамып келеді.
– Оқу орнында дуальды оқыту әдісі қалай жүзеге асуда?
– Соңғы екі-үш жылда техникалық және кәсіптік кадрлар даярлау мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, өндіріске қажетті мамандарды бірлесіп дайындау сұранысы артып отыр. Дуальды оқыту дегеніміз – қосалқы оқыту. Дамыған елдерде қалыптасқан бұл жүйе өз нәтижесін беріп отыр. Студенттеріміздің жұмыс берушінің талабына, кәсіби стандарттарға сай болуы – біздің зертхана жұмысының да бір бағыты. Мәселен, облыстық наркологиялық диспансерінің дәрігер‑психологтарымен бірлесіп, психология мамандығының студенттеріне, магистранттары мен профессор‑оқытушыларына медициналық психологияның өзекті проблемаларының бірі – «Аддиктивті мінез-құлық» тақырыбына арналған мастер-класс өткізілді. Осындай шеберлік сабақтарын өткізу тәжірибесі кеңінен қолға алынуда.
– Ғалымдарға қойылатын талаптардың бірі – халықаралық танымалдылық. Бұл бағытта қандай істер атқарылуда?
– Дүние жүзі ғалымдары мойындаған ғылыми журналдарға мақала жариялау үлкен абырой болғандықтан, ел ғалымдарының құлшынысы жоғары. Бүгінде «Thomson Reuters», «Web of Science», «Elsevier B.V.», «Scopus», «Springer» мәліметтер базаларын олар тегін пайдаланады. Осыдан-ақ, елімізде ғылымға қаншалықты қаржы бөлінетінін көруге болады. Себебі, ғаламдық ақпараттар орталықтарына қосылу өте қымбат тұрады. Мұны мемлекет өз мойнына алып отыр.
Университет IP-адреске ие, «Thomson Reuters», «Web of Science» базаларына қосылған. Тек шет тілдерін еркін білмеушілік аздап қолбайлау болып тұр. Алайда, университет ғалымдарының өткен жылы шетел және отандық басылымдарда жарық көрген ғылыми еңбектері ғалымдарымыздың қолда бар мүмкіндіктерді игеруге күш салып отырғанын көрсетеді.
– Ғылымға талпынған ізбасарларыңыз да бар шығар…
– Университетте «Логос», «Экос», «Фемида» , «Сарапшы», «Биолог», «Жас химиктер», «Көкжиек», «Квант», «Cистемотехника и программирование», «Атамекен», «Аударма бюросы», «Ізденіс» және т.б. студенттердің ғылыми үйірмелері жұмыс істейді. Бұл үйірмелер ғылыми зерттеулер жүргізу машығын меңгеруге және оны оқумен тиімді ұштастыруға ынталы студенттердің ерікті ұйымы болып табылады. Студенттер әр түрлі тақырып бойынша ғылыми мақалалар, жобалар дайындауда ізденіс жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, аударма ісінің қыр-сырын меңгереді.
Сұхбаттасқан:
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.