
Жайлы мектептердің жартысына жуығы ауылдарда салынуда
Қазақстанда заманауи, қауіпсіз және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін елімізде 206 мың оқушыға арналған 112 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл мектептердің 45%-ы ауылдық жерлерде салынады.
Республика Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр жаңа форматтағы 105 мектептің есігі ашылып, мыңдаған оқушы жаңа оқу ордаларында білім ала бастады.
Ұлттық жоба аясында тұрғылықты жеріне қарамастан, әр бала сапалы әрі тегін білімге қол жеткізе алады. Жаңа мектептер заманауи стандарттарға сай жабдықталып, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға арналған орта қалыптастырады.
Жалпы алғанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арналған 217 мектептің құрылысы жоспарланған.
А.ҚҰРМАШЕВА