Жайлы мектепке де жақсы көзқарас керек
Адамзат баласының қол жеткізген ең үлкен жетістіктерінің бірі – білім. Тәуелсіздік жылдарында елдің білім беру жүйесіне енгізілген өзгерістер мен реформалар – біздің болашағымызды айқындайтын маңызды қадам. Білім сапасы мен дамуы мемлекеттердің өркендеуінің негізі екені анық. Болашақта халықаралық бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылу үшін білімді де білікті мамандар даярлау – басты міндет. Жас ұрпақ – ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын, оны алға жетелейтін білікті азаматтар. Бұл жолда ұстаздың орны ерекше. Олар жастарға білім-дағдыларды үйретіп қана қоймай, ұлттың болашағын қалыптастыруға да жауапты. Қазіргі қоғамда білімді жас ұрпақтың орны маңызды, ал салада болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер ел болашағына айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз.
Еліміздегі білім беру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және оқушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы білім саласындағы маңызды өзгерістердің бастамасы іспетті. Қанатқақты ұлттық жоба аясында жаңа мектептер салынып, біршама білім ошақтары өз жұмысын бастап та кетті. «Жайлы мектептердің» салынуы мен пайдалануға берілуі елдің білім жүйесіндегі ауқымды бастаманың бірі десек те болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың маңызды шарты екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – елдегі білім саясатының басты мақсаты. Сол үшін қолға алынған ұлттық жоба Қазақстандағы білім беру жүйесінің сапасын көтеруге жаңа серпін бермекші. Атап айтқанда, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептердің мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған. Қазір ауыл мектептерінің сапасы біртіндеп қала мектептеріне теңестіріліп келеді. Мысалы, ғаламтордың қолжетімділігі, кітап қоры мол кітапханалар, мектеп ішіндегі заманауи дәретханалар, ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйелері мен жайлы оқу кабинеттері сияқты инфрақұрылымдық өзгерістер ауыл мектептерінің білім сапасын арттыруда.
Мемлекет басшысы мектеп формасының барлық оқушыларға қолжетімді болуын да маңызды деп санайтынын айтқан еді. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасыларға мектеп формасын бюджет есебінен беру мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл шара әлеуметтік теңсіздікті төмендетіп, көп балалы немесе тұрмысы төмен отбасылар үшін зор қолдау болары сөзсіз.
– Бүгінде «Жайлы мектеп» жобасы – елдегі білім беру жүйесінің жаңа сапа кезеңіне қадам басқанын айғақтайтын маңызды бастама. Бұл тек жаңа мектептер салумен шектеліп қалмай, сапаны арттыру, оқушы мен ұстаз үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асып жатыр. Әрбір мектеп – оқушыны болашаққа жетелейтін бағдаршы, сондықтан олардың білім алу жағдайы тек жайлы емес, заманауи әрі тиімді болуы тиіс. Жобаның басты ерекшелігі – тек физикалық инфрақұрылыммен шектелмей, мектептердің ішкі жүйесі мен білім беру сапасын үздіксіз бақылауға алуында. Әсіресе, бастауыш сыныптар үшін арнайы блоктардың қарастырылуы білім беру процесін тағы бір саты жоғары көтереді. Оқушылар үшін арнайы бейімделген оқу кабинеттері, қауіпсіздік шаралары мен оқу құралдарының жеткілікті болуы – бастаманың тиімділігін арттыратын факторлар. Сонымен қатар, мұғалімдер құрамын арнайы тәртіпке сай қабылдап, біліктілік арттыру курстарынан өткізу де олардың деңгейін көтеріп, білім сапасының артуына ықпал етеді. Облыста осындай мектептердің саны артып, сапа көрсеткіші көтеріле берсе, ұрпақтың рухани, интеллектуалдық және шығармашылық дамуына зор серпін беріп, елдің келешегіне айтарлықтай үлес қосары анық, — дейді Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Ұлттық «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары Атырау облысында 12 мектеп салу жоспарланған еді. Қазір соның үшеуінің құрылысы аяқталған, Алмалы ауылдық округінің Береке ауылында 1200 орындық, Сарыөзек ауылында 300 және «Байтақ» шағынауданында (бұрынғы атауы – Водник кенті) 1200 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Білім ордаларының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, мұның елдегі білім саласына көрсетіліп жатқан ерекше назар мен қолдаудың айқын дәлелі екенін де атап көрсеткен болатын.
– Қазіргі білім ордасында балаларға ілім-білім үйретіп қана қоймай, мұғалім мен оқушының өзара ынтымақтастығын нығайтып, ата-анамен тығыз байланыс орнатуға баса көңіл бөлінген. Осы арқылы білімді, саналы, елдің болашағын айқындайтын, өз елінің үмітін ақтайтын ұрпақ тәрбиеленетін болады деп сенемін, — деді Серік Жамбылұлы.
Шынын айту керек, жаңа ғимараттарда әрбір оқушының сапалы білім алуына, шығармашылық тұрғыда дамуына барлық жағдай жасалған. Тек оқу үлгерімін арттырудан басқа шәкіртке жүктеме жоқ.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында әр аймақта салынған жаңа ғимараттардың сыйымдылығы 300 орыннан 2500-ге дейін жетіп отыр. Бұл мектептердің жобасы мен құрылымы тек білім ордаларының саны мен сапасын арттыру емес, заманға сай талаптармен қамтамасыз етілгеніне айғақ.
Қарапайым мектептермен салыстырғанда, «Жайлы мектеп» шынында да жайлы. Біріншіден, әдеттегі типтік мектептерден 15-20 пайызға кең. Бұл кеңістік оқушыларға ыңғайлы жағдай жасауға, оқу үрдісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, мектептердің техникалық жабдықталуы төрт есеге дейін артып, оқушы мен мұғалім тең пайдаланатын заманауи мультимедиалық құралдар мен зертханалармен жабдықталған. Спорт алаңдарының саны мен сапасы да бұрынғыдан көшілгері. Мысалы, 300 орындық мектепте жалғыз спортзал болса, 600 орындық мектепте – 1 үлкен, 1 кіші спортзал, 900 және 1200 орындық мектептерде – 1 үлкен және 2 кіші, 1500 орындық мектепте – 1 үлкен және 3 кіші спортзал бар. 2000-2500 орынға арналған мектептерде – 2 үлкен, 2 кіші спортзал дене тәрбиесі пәнін өткізуге барлық жағдайды қамтамасыз етеді. Тіпті, оқушылардың физикалық дамуымен қатар, командалық ойындарға қатысуына да мүмкіндік жеткілікті. Үшіншіден, мұнда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған кедергісіз орта құру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Пандус, жеделсаты, арнайы дәретхана бөлмелері мен инклюзивті білім беру кабинеттері барлық баланың тең мүмкіндікте болуын қамтамасыз етеді. Бұл қадам елде инклюзивті білім беруді дамытуға жаңа серпін беріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың толыққанды білім алуына мүмкіндік туғызады.
– Бұрын ұлым бастауыш сыныптары жабдықталмаған, ескі ғимараттарда оқитын. Қазір осындай жаңа мектептің салынғанына қуанып отырмыз. Шынында, жоба басталғаннан бері оның құрылысын күнде сыртынан қарап кетеміз. Баламды осы мектепке орналастыруды жоспарлап жүргенмін. Шүкір, арманыма жеттім, қазір ол осындағы VII сыныпта оқып жүр. Мұнда барлық қажетті жағдай жасалған. Ішкі-сыртқы жұмыстың бәрі үйлесімді, келешекте бұдан да жақсара түсетініне сенімдімін. Балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін осындай мектептің болғаны қуантады, — дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Нұргүл Қалымжанқызы.
«Жайлы мектеп» жобасының тағы бір артықшылығы – балалардың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау. Жаңа ғимараттарда спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізіп, оқушылардың физикалық және рухани дамуына толық жағдай жасалған. Спорт алаңдары, асханалар мен демалыс аймақтарында оқушылар саулығын нығайтумен шұғылданып, әлеуметтік ортада өзін-өзі көрсете алады.
Әлбетте, заман ауысқан сайын бұқараның талабы да өзгеретіні түсінікті. Тек оны дәуір сұранысына сәйкес жүзеге асыра білсек бәрі үйлесімді. Әйтпесе қазынаның қаржысына салынған талай даңғарадай ғимараттың қаңырап бос тұрғанын көз көріп жүр.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ