«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірде 9 білім ордасы салынып жатыр
Биыл Атырау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде алты оқу ордасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл мектептерде бір ауысымда 5100 бала білім алады. Ол жөнінде Атырау облыстық білім беру басқармасы мәлімдеді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
6 мектептің үшеуі облыс орталығында орналасқан. Нақтырақ айтқанда, “Ақсай-2”, “Жұлдыз-2”, “Жұлдыз-3” шағынауданының әрқайсысында балалардың бар жағдайы қамтылатын 900 орындық білім беру ұйымы салынып жатыр. Құрманғазы ауданына қарасты Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарында бір ауысымда 600 балаға білім беретін мектеп бой көтеруде. Ал 1200 орындық тағы бір жайлы мектеп — Құлсары қаласындағы “Атырау” шағынауданында.
Жайлы мектептерде шәкірттер мен ұстаздарға толыққанды жағдай жасалады. Олардың қауіпсіздігі де ұмыт қалған емес. Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Мектеп ғимаратында спорт залы, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған асханалар, акт залы және кітапхана бар. Сонымен қатар психолог, логопед, медициналық кабинеттерімен, заманауи үлгідегі оқу сыныптарымен, физика, химия зертханаларымен және STEM кабинеттерімен жарақталған.
«Біз биыл өңірде 6 білім ордасының құрылысын аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырмыз. Келер жылы үшеуін пайдалануға бермекпіз. Жайлы мектептер өңірдегі үш ауысымда оқытатын білім беру ұйымдарының мәселесін шешуге көмегін тигізеді. Мысалы, “Жұлдыз-2”, “Жұлдыз-3” шағынауданында салынатын жайлы мектептер №39 орта мектептегі үш ауысымда оқыту мәселесін шешеді», — деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Бұдан бөлек өңірде тағы 3 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның екеуі Атырау қаласында, біреуі Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында салынуда. Оларды ел игілігіне келер жылы беру жоспарланып отыр.
Жалпы 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде білім беретін 12 мекеме салу жоспарланған. Былтыр бір ауысымда 2700 бала оқитын 3 жайлы білім ордасы тапсырылғанын айта кетейік.
Бұдан басқа 2025-2027 жылдарға арналған орта білім беру объектілерін реновациялау жөніндегі жоспар аясында өңірдегі 97 мектепті жаңарту көзделіп отыр. Оның тоғызы — осы жылдың жоспарында. Бүгінде үшеуінің жобалық-сметалық құжаты дайын. Мердігер мекемені анықтау жұмысы жүріп жатыр. Олар: Атырау қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп, Индер ауданындағы М.Сиранов атындағы орта мектеп пен Мақат ауданындағы О.Сарғұнанов атындағы орта мектеп. Ал жоспардағы қалған қос мектептің жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамада болса, төртеуінің жобасын жасақтау жұмысы жүріп жатыр. Жалпы реновация аясында мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, жихаздарды жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету қарастырылған.