
Үздіктер Алматыға аттанды
Республикалық IQanat олимпиадасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1000-нан астам оқушы қатысқан. Бұл сайысқа қатысушылар алғашқы екі кезеңнен сүрінбей өтіп, 60 мыңнан астам оқушы арасынан іріктелді.
Атырау облысындағы ауыл мектептерінен 38 оқушы Алматыда өтетін IQanat олимпиадасының дүбірлі ақтық сынына жолдама алды. Олар — II кезеңде 332 қатарласының арасынан озып шыққан зейінділер.
Финалда жеңіске жеткендер IQanat мектеп-интернатында оқу мүмкіндігіне ие болады. Ал қалған қатысушылар үш жыл бойы тегін білім алып, ағылшын тілін тереңдетіп оқиды.
Айта кетейік, IQanat бағдарламасы арқылы білім алатын оқушылардың 80%-ы — көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар. Олимпиаданың ақтық кезеңі биыл Медеу таулы спорт кешенінде өтеді. Сонымен қатар оқушылар үшін арнайы тегін тур ұйымдастырылған.
IQanat – үлкен мүмкіндіктер алаңы. Бұл сында жеңіске жеткендер Қазақстанның және шет мемлекеттердің үздік жоғары оқу орындарында грант негізінде оқи алады. Қазір қазақстандық балалар әлемнің 15 елінде білім алуда.
Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ