Жарнама
Білім

Үздік педагог 4 млн. теңгеге жуық сыйақы алады

Қазақстанда білім беру саласында еңбек етіп жүрген үздік мұғалімдерді қолдау және ынталандыру мақсатында дәстүрлі «Үздік педагог» республикалық байқауы басталды. Биылғы байқаудың жеңімпаздарына 1000 айлық есептік көрсеткіш — шамамен 3,9 млн. теңге көлемінде мемлекеттік сыйақы табысталады.

Республика Оқу-ағарту министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Эльмира Тұңғатарованың хабарлауынша, байқаудың басты мақсаты – білім беру сапасын арттыруға үлес қосқан педагогтерді анықтап, оларды марапаттау.

Конкурс барысында педагогтің білім саласына қосқан үлесі, кәсіби шеберлігі, оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері, әдістемелік жұмыстардағы белсенділігі жан-жақты бағаланады.

Байқауға мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін, кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар мұғалімдер қатыса алады.

Байқау үш кезеңнен тұрады: Аудандық/қалалық кезең – 8-25 шілде; облыстық кезең – 28 шілде – 15 тамыз; республикалық кезең – 18 тамыз – 18 қыркүйек.

Алғашқы екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған үміткерлер республикалық кезеңге жолдама алады.

Байқауға қатысуға өтінім беру, тіркелу және барлық конкурс құжаттарын тапсыру арнайы әзірленген uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталы арқылы онлайн түрде жүзеге асырылады.

— «Үздік педагог» – үздіктерді танытатын алаң. 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқау аясында осы күнге дейін 700-ге жуық педагог үздік деп танылып, мемлекеттік марапатқа ие болды. Байқау ұстаздардың кәсіби өсуіне мүмкіндік беріп, білім саласындағы инновациялық тәжірибелерді насихаттауға жол ашады, — дейді Э.Тұңғатарова.

Айта кету керек, қосымша ақпаратпен аталған министрліктің ресми сайтынан танысуға болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Сурет: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button