Жарнама
Білім

Үздік мұғалімдер анықталды


«МҰҒАЛІМ ПӘННІҢ МАМАНЫ ЕМЕС, ӨМІРДІҢ МАМАНЫ, ӨМІРДІҢ ТАМЫРШЫСЫ БОЛУЫ КЕРЕК. ӨЙТКЕНІ БАЛА ӨМІР СҮРУДІ БІЗДІҢ АЛДЫМЫЗДАН
БАСТАЙДЫ ЕМЕС ПЕ?!» ДЕЙДІ ОРЫНША
ҚАРАБАЛИНА «ҰСТАЗ БАҚЫТЫ» КІТАБЫНДА. ИӘ, ҒАЛЫМ ДА, ШАХТЕР ДЕ БАС ИЕТІН, ҰЛТ БОЛАШАҒЫН ТӘРБИЕЛЕУГЕ ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС
ҚОСАТЫН ҰСТАЗДАР ҚАШАН ДА ҚҰРМЕТКЕ ИЕ. АЯДАЙ ҒАНА АУЫЛДА БАР БІЛІМГЕ ЖАН ТӘНІМЕН ҚАУЫРСЫН ҚАНАТ ҚАБІЛЕТТІ ЖЕТКІНШЕКТЕРДІ ТӘРБИЕЛЕГЕН ҰСТАЗДАРДЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ ӨЛШЕУСІЗ. АЛ, БҮГІНДЕ ПӘННІҢ ЕМЕС, ӨМІРДІҢ МАМАНЫ БОЛЫП ЖҮРГЕН АУЫЛ МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ ҚАНДАЙ?!

Соңғы жылдары ауыл ұстаздарын қолдау шаралары жоғары деңгейде іске асырылып келеді. Облыстық «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының» филиалы ауыл мұғалімдерінің мәртебесін көтеруге, білімі мен біліктіліктерін жетілдіруге мұрындық
болуда. Сондықтан институттың көптеген жобалары дәл осы ауыл-аймақтағы білім берушілерге арналған. Әр 3 жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Ауыл
мектебі – ел бесігі» атты байқау ауыл мұғалімдерінің кәсіби білімі мен шығармашылық өрлеуіне мүмкіндік
сыйлауда. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған ұстаздар марапатталды.
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми — әмбебап кітапхана ғимаратында өткен марапаттау салтанатты жиынында әрбір
қатысушының еңбегі сараланып, әділ
бағасы берілді. «Өрлеу» біліктілікті
арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы «Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының директоры Роза Дәулетованың сөзінше, сайысты ұйымдастырудағы басты мақсат –ауыл мектептері педагогтарын қолдау, үздік педагогтарды анықтау, ауыл мұғалімдерінің қоғамдағы беделін арттыру, шығармашыл мұғалімдердің жаңа идеяларын қолдау.
Байқауға қатысқан әрбір мұғалімнің білім алушыларды оқытудың сапасын арттыруға септігін тигізетін үздік әдістемелік жұмыстары облыс көлемінде кеңінен насихатталған. Биыл да байқауға қатысуға сұраныс артып, қырықтан астам мұғалімнен өтініш келіп түсіпті. Талапқа сай
рәсімделген 22 жұмыс байқауға қатысуға жіберілген. Мұның бәрі ауыл ұстаздарының білімге деген құштарлығының айқын көрінісі болса керек. Жұмыстарды институттың профессор-оқытушылар құрамынан және қызметкерлерінен жасақталған әділқазылар құрамы бағалады. Қазылар алқасы жұмыстардың
сапасын, мазмұнын, білім беру ұйымдарының шығармашылық және
кәсіби деңгейін бағалай отырып, жұмыстың негізгі идеясының маңыздылығы мен дәйектілігіне баса назар аударды, — дейді Роза Дәулетова.
Байқау нәтижесінде Жылыой ауданы №3 жалпы білім беретін мектептің мектеп жанындағы шағын топ тәрбиешісі Ақмарал Орынбасарова топ жарып, жүлделі бірінші орынды еншіледі. Құрманғазы ауданы Абай
атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айдана Әділханова, Исатай аудандық білім бөлімінің «Мектеп-гимназиясы » география пәні мұғалімі Нұрлы Мақсотова екінші орынды қанжығаласа, Құрманғазы
ауданы Ломоносов атындағы жалпы
орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қарлығаш Кдыршаева, Исатай аудандық білім бөлімінің «Мектеп-гимназиясы» ағылшын тілі пәні мұғалімі
Гүлзира Ержан және Құрманғазы
ауданы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Заря Әжіғалиева үшінші орынды иеленді.

d6bff741 5728 4c54 9786 d2cef46629be

Сонымен қатар, Индер ауданы Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Жанар Жұбанышқалиева «Шебер ұстаз», Қызылқоға ауданы Қаракөл орта мектебінің
ағылшын тілі пәні мұғалімі Лаура Тілегенова «Креативті ұстаз» номинацияларына лайықты деп танылды.
– Доданы қорытындылай келе байқағанымыз, ауылмен қала мектептерінің арасындағы алшақтықтың қысқарғаны және білімді де білікті, ізденімпаз педагогтардың арқасында қарапайым ауыл мектептері де заманауи білім ордасына айнала бастағанына көз
жеткіздік. Таланттардың дені ауылдан
шыққан десек, шет аймақтағы
ұстаздардың жетілуіне көңіл бөлген
абзал, — дейді институт директоры.
Жыл басынан бері ауыл мектептерінің мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында олардың кәсіби құзыреттіліктерінің өсуіне бағытталған жұмыстар жүйелі атқарылуда. Шығармашыл мұғалімдердің жұмысын зерттеп, озық тәжірибесін тарату мақсатында «Action Research: табысты ұстаз тәжірибесінде» тақырыбында
институттың командалық жоба жұмысы басталған. Жобада облыс бойын ш а 1 7 зерттеуші, шебер санатындағы педагогтар жобаның жұмыс жоспарына сәйкес өз іс-тәжірибелерін жүргізуде. Бұл жобада барлық ауданның мұғалімдері қамтылған. Осындай қолдаудың арқасында білікті мұғалімдер білімді бала тәрбиелейтіні анық.
– Бүгінгі таңда біздің орталықтан
педагогтар бастауыш, орта, техникалық
және кәсіптік, қосымша білім беру бойынша біліктіліктерін арттырады.
Жоғары білімі мен біліктілігін жетілдіруді көздеген ізденімпаз ұстазға қазіргі ақпараттың тасқыны мен заманауи технологиялардың жаңалығы дамыған кезеңде әрі осындай қолдау
бар кезде мүмкіндік өте көп, — дейді
Роза Дәулетова.
«Ұстаз деген кім? Мен оны білгенін үйрететін адам емес, шәкірттің бойында бар білімді ашу үшін қолынан келгеннің бәрін жасай алуға шабыттандыратын жан дер едім» деп әйгілі Пауло Коэльо өзінің
«Садақшы» атты кітабына жазған екен. Расында диплом алғанның бәрі педагог атана қоймайды. Жүрегінде жылулық, кәсібіне адалдық және болашақтың тұтқасын ұстар балаларға деген шынайы махаббат бойында қауыз жарса, шын ұстаз атанары хақ. Ал, сәт сайын көз ілестірмейтін жылдамдықпен дамып жатқан әлемде мұғалім болу да жеңіл емес. Дегенмен, осындай мүмкіндікті қалт жібермей, білімді шыңдап біліктілікті қайрап отырса алынбайтын асу болмасы
анық.
Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button