«Үздік ауыл мектебінің оқушысы» Атыраудан таңдалды
Атыраулық оқушы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша «Үздік ауыл мектебінің оқушысы – 2024» атағын жеңіп алды.
Облыс орталығындағы С.Датов атындағы №26 орта мектептің X сынып оқушысы Мөлдір Мұса биыл алғаш рет өткізілген ауыл мектептерінің оқушыларына арналған пәндік олимпиаданың облыстық деңгейінен I орын алып, Қостанай қаласында өткен республикалық бәсекеден қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша II орын иеленді.
Жалпы, IX-XI сынып оқушылары арасында өткен республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша атыраулық дарынды оқушылар 8 алтын, 9 күміс, 19 қола барлығы – 36 медаль иеленіп отыр.
Нәтижесінде, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша Атырау облысы «Үздік олимпиадалық команда – 2024» атағымен екінші орынды жеңіп алды.
Мәлике МӘЛІК