UTEBAYEV UNIVERSITY алғаш рет жоғары білім қызметкерлері күнін атап өтті
Биыл тұңғыш рет кәсіби мерекелер тізбесіне енген 1 қазан – Жоғары білім қызметкерлерінің күні UTEBAYEV UNIVERSITY-де ерекше атап өтілді, — деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.
Бұл мереке – жоғары білім қызметкерлеріне арналған ерекше күн. Жоғары білім саласы – ел ғылымы мен білімінің қарқынды түрде дамуына айрықша әсер ететін қозғаушы күш. Бұл ретте жоғары оқу орындары қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту білім беру ортасын қалыптастырудағы, ғылымды дамытудағы маңыздылығын айшықтап, жоғары білім беру саласындағы мамандардың беделін көтеруге ықпал етеді.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің басқарма-төрағасы, ректор Гүлзада Шакуликова және университеттің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның шымылдығы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауымен ашылып, қызметкерлерге Атырау облысының әкімі, Атырау облысы мәслихаты, Атырау қаласы әкімі, «KAZENERGY» Қауымдастығы, «Мұнай-газ-химиия» Қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Энергетика министрі, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ UTEBAYEV UNIVERSITY-де бірнеше жылдан бері дарынды студент, білімді маман даярлап жүрген оқытушылар «Мұнай-газ-химиия» Қауымдастығының, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің, Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрілігінің арнайы төсбелгілерімен марапатталды.
Жоғары білім қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада университеттің басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова мерекемен құттықтады.
–Еліміздің мұнай-газ кешеніне мықты маман даярлауды мақсат тұтқан университетіміздің бүгінге дейін жеткен әр жетістігінде, биік белестерінде, құрметті әріптестер, сіздердің адал еңбектеріңіздің ізі жатыр. Сіздердің ұстаздық мәртебелеріңіз, докторлық дәрежелеріңіз, профессорлық пайымдарыңыз біздің түлектердің қоғамның әр саласында елге қызмет ететін мықты маман болуына ықпал етіп келеді. Биыл біздің университетіміз үшін мерейлі жыл. Оқу орнының құрылғанына 65 жыл толып отыр. Атырау мұнай және газ университетінің биік белестерге қол жеткізуі — өздеріңіздей интеллектуалдық әлеуеті жоғары профессор-оқытушыларымыздың, білікті қызметкерлердің еңбегі. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді ректор Г.Шакуликова.
Бұл кәсіби мереке тек қана оқытушылардың мерейін өсіріп қана қоймай, Қазақстанның білім беру саласын нығайтуда және оның қызметкерлерінің елдің қоғамдық дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесін мойындауда маңызды рөл атқарады.
Мәлике МӘЛІК