Ұстаздықты таңдаған ұлағатты ұлдар
Ұстаздықты таңдаған ұлағатты ұлдар
Жылдардың сол бір жемісін,
Сезіндік құрбым енді ептеп.
Қымбат қой, қымбат мен үшін,
Сол ағай және сол мектеп!.. — деп, белгілі тайсойғандық ақын Қалыбек Құлмағамбетов жырлағандай, санасында сәулесі бар жан үшін ұстаз бен мектептің орны әсте бөлек қой.
Иә, ұстаз!.. Оның жүрегінің үлкендігін, жан-дүниесінің кеңдігі мен жазирасын кім түсінер. Асау арналар мен мөлдір бұлақтардың көзін ашатын да, олардың үлкен дарияға барып қосылуына бірден-бір жағдай жасайтын да солар ғой. Ұстаз еңбегінің өлшеуі мен таразысы да солар. Ұстаздың әзиз есімі аталғанда, әрбір азамат өзін қайыра шәкірт сезінсе керек еді. Бұрын солай болатын…
…Бір ғұлама ғалым қасына шәкіртін ертіп, көшеде келе жатқанында алдынан әлдебір жасөспірім бала кездеседі. Ғұлама оған бірінші болып сәлем береді. Бұған таңғалған шәкірті: «Неге сіз өзіңіздің балаңыздай балаға бірінші болып сәлем бердіңіз?» дейді. Сонда ғұлама: «Оның марқұм әкесі менің ұстазым еді, мен оны ұстазымның көзі деп бірінші болып сәлем бердім» депті.
Ұстазға деген құрметтің бір замандарда қандай болғанын жоғарыда айтқан мысалдан-ақ байқауға болады. Расында, ұлағатты мамандық иелерінің қоғамдағы орны зор болған, ел ішінде мерейі тасыған кезеңдерді біз де бастан өткердік.
Бір жолы менің 1982 жылғы мектеп бітіру фотосуретімді көріп отырған балаларым: «О, әке, сіздерге кілең ағайлар сабақ беріпті ғой» дегені бар. Шынында да біздің Сарайшық орта мектебінің 1982 жылғы түлектерінің мектеп бітіру фотосуретінде үш әйел адамнан басқасы түгел ер мұғалімдер еді. Бұл, сөз жоқ, ер балалардың ер мінезді болып тәрбиеленулеріне ықпал етті. Ал, алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген Сағынбай Үмбетов деген ағайымыз күнде мектепте әскери формасымен жүретін. Әскери шені капитан еді. Калашников автоматын шашып-жинау, мектеп ауласындағы тирде мылтық ату, сапта жүру, жүгіру (противогазбен) секілді сабақтар үзбей өтетін. Ал, күнделікті мектепте өтетін жиындар капитан ағайдың мектеп директорына рапорт беруімен ашылатын.
Жыл сайын жазда тоғызыншы сынып оқушылары бес күндік әскери жиынға баратынбыз. Ол жерде Калашников автоматын атуды үйренгенбіз. Міне, осының бәрі сол кездегі балалардың жан-жақты тәрбие алуына, Отанын сүйетін және оны қорғайтын азамат болып қалыптасуына септігін тигізген еді.
Осы бір игі үрдістің соңғы отыз жыл бедерінде осалсып кетуі мектептен босаң мінезді, қорғансыз, нәзік, «мамасының балаларының» шығуына себеп болды. Баланы мектепке берерде: «Еті сенікі, сүйегі менікі» деп тапсыратын баяғы қазақы менталитет кешегі кеңес кезінде де күшінде тұрып еді, енді тәуелсіздік алғанда құнын жойғаны таңғаларлық болды.
Ата-анасына арыз айтқыш балалар көбейіп кетті. Мұндайда ата-аналар мұғалімді кінәлай кетеді. Бұрын керісінше болатын!..
Жә, мұның бәрі сан рет айтылып та жүр ғой, енді осы мәселеде оң бетбұрыс жасаудың қандай тетіктері бар? Әңгіме осы туралы болмақ.
Заманауи мұғалім қандай болуы керек?
Осыдан екі жыл уақыт бұрын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласындағы инновациялық жобаларды қолдау талабына сәйкес, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанынан «Ұстаз» мектеп-интернаты ашылды. Бұл игі бастамаға Атырау университеті КеАҚ басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов ұйытқы болды.
– Бұл мектепте облыстағы шалғай елді мекендер мен ауылдардан іріктеп алынған дарынды балалар білім алады. Тек ұлдарды ғана қабылдаймыз. Миссия – оқушылардың шынайы сауаттылығын қамтамасыз етумен бірге өмірге баулу, таңдаған мамандығын терең меңгерту, өмірлік сұраныстарға жауап беретін қабілетті тұлғаларды қалыптастыру, мектепте ер мұғалімдердің санын көбейту. Сонымен қатар, іскерлік және ғылыми сауаттылық негізінде әр оқушыны кешенді оқу әрекеттерін меңгеруге дағдыландырып, оқушылардың қабілетін, әлеуетін ескере отырып, олардың жеке тұлғасын қалыптастыру, тәрбиелеу, ойлау қабілеті жоғары болашақ студент дайындау. Мектептің республиканың білім кеңістігінен өзіндік орын алып, ұлттық дәстүрлерді берік ұстайтын білім ордасына айналуы, шығармашылық, достық жауапкершілік пен қауіпсіздік ережелерін қалыптастыру да бір мақсатымыз болып отыр, — дейді мектеп директорының бейіндік орынбасары Қайрат Сисенов.
Атап өтерлігі – білім ошағының республика бойынша осы бағытта алғашқы болып ашылған теңдесі жоқ оқу орны екендігі. Қазір мектеп ұжымы міндет биігінен, уақыт талабынан көрінуге жұмыстанып, нәтижелі іс қылуды қолға алды. Мұғалімдердің міндеті – оқушыларға ұстаз болу дағдыларын меңгерту. Содан соң, мұнда оқуға талап қылушылар зияткерлік сайыстар, дебаттар, пән олимпиадалары жеңімпаздары, ғылыми жобалардың авторлары болуы керек.
Ал, оқуға қабылданғандар жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша тереңдетіп оқиды. ҰБТ-ға тегін дайындық жүреді, мектеп түлектері ҰБТ-да жоғары балл жинау мүмкіндігіне ие. Мұнда сондай-ақ, әр оқушыда спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Шет тілін меңгеру үшін тегін курстар өтеді.
Бүгінде «Ұстаз» мектеп-интернаты ұстаздарының сапалық құрамы қалыптасып үлгерген. Мектеп-интернаттағы жоғары және І санатты мұғалімдердің үлесі 60 пайыздан асады. Облыстық, республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары да баршылық.
– Жастарды қазақстандық зиялы үздік дәстүрге сай тәрбиелеу де үлкен мақсат. Оқу толықтай тегін. Мектепте заманауи жабдықталған жаңа үлгідегі жатақхана бар. Университетте оқу екі бағытта жүргізілгенімен, оқушылардан қай бағыттың да пәндерін білу талап етіледі. Өйткені бүгінгі заманда қай саланың маманы да жан-жақты болуы керек. Мәселен, мектепке түсуге тілек білдірген үміткерлер жаратылыстану бағыты бойынша физика-математика, химия-биология, математика және логика, Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы пәндерінен емтихан тапсырып, «Ұстаздық жолды таңдауым» атты эссе жазса, гуманитарлық бағыт бойынша Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, математика және логика пәндерінен бөлек, ағылшын тілі мен дүние жүзі тарихынан білімдерін сынап, «Ұстаздық жолды таңдауым» атты эссе жазады. Яғни, «мен өз саламды ғана білсем болды» деген түсінік бүгінгі талапқа жүрмейді, — деп сабақтады сөзін одан әрі Қайрат Тінімжанұлы.
Ұстаздан шәкірт озса игі…
Мектеп ұжымы ұстаздық мамандықты таңдау үшін оқушыларға мониторинг жүргізген. Сонда облыс бойынша Исатай ауданының оқушылары ұстаз мамандығын көбірек таңдағаны мәлім болды. Осы ауданнан мектеп бітірген түлектердің арасынан «Алтын белгі» иесі болып, бүгінде Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқитын, «Ұстаз» мектебіне Исатай орта мектебінен келген Бекзат Елеусіновтің мектепке арнаған өлеңі мектептің кіре берісіндегі баннерде жазулы тұр екен.
Ұстаз деген – ұрпаққа барын беру,
Білімдіден ізгілік жанын көру.
Біздегі болашаққа басты міндет –
Ұстаз болып ұрпаққа тәлім беру, — деп жазыпты Бекзат ақын.
Кезінде ұлы ойшыл Сократ: «Мен біреуді үйрете алмаймын, бірақ ой саламын» деген екен. Тамаша айтылған сөз. Біздің қазақ та даналық ілімін меңгеру жөнінен еш халықтан кем болмаған. Қазақ баласын үш нәрсемен тәрбиелеген: Ұят болады, обал болады, сауап болады деп. Бүгінде қоғамда болып жатқан қиыншылық пен теріс тәрбиенің нәтижесінде әкелік мектептің құрдымға кеткенін көріп отырмыз.
Бүгінгі бозбалалар болбыраған, не мейіз емес, не киіз емес бірдеңе. Әскерге барса, қиындыққа шыдамай өз-өзіне қол жұмсап жатқандары бар. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен, ата-анасының жетегінде жүргендері көп-ақ. Әсіресе, он сегіздегі жастардың әскерге баруды ар санап, «онда не бар, одан да үйде жатпаймын ба…» дегендерін естігенде жағаңды ұстайсың. Мұның бәрі ұлдардың балабақшадан бастап мектептегі он бір жыл бойына әйел тәрбиесін көргенінің жемісі болар деген ой келеді кейде. Сонда әкелер қайда жүр? «Тәртіпке көнген құл болмас» демекші, әке деген өзі табиғатында ұлдың тәрбиешісі болып жаралған, баласымен арадағы ақылдың көпірі болып есептеледі ғой.
Бағзы заманда қазақ баласын аттың құлағында ойнатып, садақ ату, кір тасын көтеру секілді әскери-спорттық өнерлерге бала жасынан баулыған. Ауыл сыртындағы төбе басында балаларды күрестіріп, олардың өнерінен риза болғанда үлкендер жағы «әй, бәрекелді, атасына тартқан екен, нағашысына тартқан екен» деп, баланың рухын көтеріп, мерейін өсірген.
Білім мен тәрбие – егіз
– Білім мен тәрбие кісі таңдамайды. Ұстаз көріп жүрген қиындықты ата-ана неге көрмейді, неге балаға салғырт қарайды? «Не сұрасаң да мұғалімнен сұра» деп, ата-ана баласын мұғалімді сыйлауға үйретсе, қанекей. Ата-ана тарапынан жөнге салып, сөзге тоқтау секілді ізгі қасиеттерден алшақтап барамыз. Ұстазға жекіп сөйлеу, «менің балам бәрін біледі» деу – өте күпірлік, ақылсыздық. Жаман бала аспаннан түспейтіні, жаман ата-анадан шығатыны ащы болса да шындық. Балаларда қызуқандылық, зор амбиция бар, неге бұлай? Көбі ата-ана сөзін «келісім-шарт» арқылы тыңдап үйренген балалар.
«Мектебіңе барып келе ғой. Егер барсаң саған ананы әперемін, мынаны әперемін, анда апарамын, мында апарамын» деп балаларды жаман үйретеді. Бала өзінің болашағы үшін керек нәрсені өз еркімен емес, ойындағысын орындату үшін істейді. Осының ащы жемісін татып жатырмыз. Осының бәрінің қаупін ескертіп, талап қойған мұғалім жаман адам болып шығады. Егер баланы тәрбиелеу деген қасиетті жолда ата-ана мұғаліммен қатар жүрмесе, онда білім мен тәрбие ісі түзелмейді. Балаларымыз саналы, сабырлы, салиқалы болсын десек, еңбекқорлыққа, ізденімпаздыққа, қайсарлыққа, батырлыққа, сабырлылыққа, төзімділікке үйретейік. Адам – тәрбиенің жемісі екенін есте ұстайық, — деді Қайрат Тінімжанұлы сөзін түйіндей келе.
…«Ұстаз» мектебі бүгінде Үкіметтің де назарын аударып отыр. Биыл Атырауға жұмыс сапарымен келген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Ұстаз» мектеп-интернатының оқушылармен кездесіп, олармен пікірлесіп, еліміз бойынша баламасы жоқ білім мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысты. Мектеп жұмысы министрдің көңілінен шықты.
Енді бір айтар жайт – бүгінде жас жеткіншектер арасындағы өзекті мәселенің бірі болып отырған діни сауаттың төмендігі. Осы себепті кей жастар теріс бағытқа түсіп кетіп жатады. Сондықтан оларға кәсіби дін қызметкерлерінің кеңесі керек-ақ. Осыны ескерген мектеп басшылығы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкіл имамы, Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мен оқушылардың кездесуін ұйымдастырған еді. Осы кездесу оқушыларға көп ой салды. Бас имам осы күні кей жастардың Құран кітабындағы «Оқы, оқы» деп басталатын аятты біржақты түсініп, яғни «шариғи білімді ғана оқу керек» деген қате ұғымда жүргендеріне тоқталды. Ал, шындығында бұл жердегі Құранның талабы зайырлы білім мен шариғи білімді ұштастыру екенін, сонда ғана адам білім мен тәрбиені қатар алатынын, әйтпесе тәрбиесіз алған білім адамзаттың қас жауы болатынын айтып берді. Оған дәлел ретінде алғаш алгебраны ойлап тапқан атақты ислам ғалымы Әл-Хорезмидің есімін мысалға келтіріп, «алгебра» деген сөз арабтың «әлжәбір» деген сөзі екенінен мағлұмат берді.
Бас имам ер балалардың осылай бөлек оқуы мұсылман әдебінің бірі екенін, мұндай жағдайда баланың сабақтан өзге ешнәрсеге көңілі аумайтынын айтып, осы тұрғыда мектеп ұжымына ризашылық білдірді. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Кездесу кәдімгідей сауат ашу сабағы болып, шәкірттермен қатар ұстаздар да көп нәрсеге қанығып қалды.
…Иә, «Ұстаз» мектебінде оқушылар саны жыл сайын артып қана қоймай, түлектерінің жартысынан көбі жоғары оқу орнында педагогика саласын таңдап, алға қойған мақсатының айқын екенін көрсетуде.
Ендеше, елімізде баламасы жоқ іргелі білім ордасының жұмысына сәттілік тілейміз.
Тарас НАУРЫЗӘЛІ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі