Ұстаздар біліктілігін арттырды
«943 – елімізде мақсатты мектептерді дамыту» жобасы – мектептердегі білім деңгейін арттыруға және барлық оқушы үшін сапалы оқытуға тең қол жеткізу үшін жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Жоба аясында Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектепте «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру үшін оқытудың инновациялық технологиялары мен интерактивті әдістерін қолдану» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинарды «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы «Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтымен» бірлескен түрде ұйымдастырды. Жиынға бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру педагогтері қатысты. Іс-шара барысында ашық сабақтар, шеберлік сағаттары және кәсіби талқылаулар жүргізілді. Пән мұғалімдері өз тәжірибелерін көрсетіп, инновациялық әдістерді қолданудың тиімділігін дәлелдеді.
Сонымен қатар семинар аясында бірқатар шеберлік сағаты өтті. Атап айтқанда, бастауыш сынып оқушыларының жаратылыстану және математика пәндерінен зерттеу дағдыларын қалыптастыру жолдары, оқу үдерісіндегі функционалдық сауаттылықты жетілдіру әдістері, мұғалімнің шығармашылық қызметі мен ұлттық мәдениеттің маңыздылығы секілді өзекті тақырыптар талқыланды. Жиын соңында қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН