Білім

«Ұстаздан» 42 түлек түлеп ұшты

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанынан ашылған «Ұстаз» дарынды ер балаларға арналған мектеп-интернатынан 42 оқушы үздік оқып бітірді.

Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жайық» спорт кешенінде өткен мерекелік кешке оқу орының академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Шүкіров, білім ордасының әлеуметтік серіктесі, «Былина» орыс этно-мәдени орталығының жетекшісі Андрей Кораблев, мектеп ұстаздары мен ата-аналар қатысты.

«Дарынды балалардың «Ұстаз» мектебі биыл үшінші түлектерін ұшырып отыр. Оқу бітірген 42 оқушының ішінде 2 «Алтын белгі» иегері, 4 «Үздік аттестаттың» үміткері бар. Үш жылдың ішінде мектеп бірқатар жетістікке жетті.

–Ұстаз мектебінің алға қойған міндеті – ұлтқа, елге, ұрпаққа қызмет ететін болашақ ұстаздарды тәрбиелеу. Біз әрбір оқушыны толық адам ретінде тұлғалық жақтан дайындауға баса мән бердік, – дейді мектеп-интернатының директоры Сәнім Уапқызы.

Биылғы басты ерекшелік, «Ұстаз» мектебін аяқтаған түлектердің барлығы ҰБТ-дан жоғары балл жинаған оқу озаттары. Олар республикалық, облыстық олимпиадалардың, түрлі шығармашылық байқаулардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

–Мектепте оқып жүріп, білім ордасының Президенті ретінде қоғамдық жұмыс атқардым. Болашақта физика пәнінің мұғалімі боламын. «Ұстаз» мектебіндегі мұғалімдерім «Алтын белгі» үміткері болуыма, биіктерден көрінуіме еселі еңбек етті. Бізде үлкен орта қалыптасқан. Себебі, дарынды оқушылар облыстың әр аудандарынан, шалғай ауылдардан келіп бір сыныпта оқиды. Достарым өте ынтымақты, бауырмал, – дейді жас түлек Жігер Өмірұзақ.

Айта кету керек, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті дарынды балалардың арасынан жан-жақты жетістікке жеткен түлектерге университет қабырғасында білім алу үшін әртүрлі деңгейде жеңілдіктер ұсынып отыр.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ


Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button