Ұлттық гимназияның 30 жылдығы аталып өтті
Егемендіктің алғашқы жылдары елімізде нәтижелі білім-ғылымға бет бұрған оқу ордалары ашылды. Соның бірі – Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясы. Отыз жылдық тарихы бар білім ордасында өткен шараға ардагер ұстаздар мен алғашқы түлектер қатысты.
Ұлттық гимназия директоры Нұрлыбек Даумов шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде тек жоғары талап деңгейінен ғана көрінуді мақсат тұтқанын айтады.
– Талғамы биік дарынды шәкірттерді баптап, қанаттарын қомдап, республикаға танылған талай таланттардың бағын жандырған біздің білім шаңырағының отыз жылдық тарихы елеулі естеліктерге толы. 1990-1991 оқу жылында алғаш білім қоңырауы соғылып, облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған дарынды, қабілетті балаларды табу да, таңдау да оңай болған жоқ. «Дарын – жанып тұрған жалын» демекші, мектеп партасына отырып, көздері нарттай жанып, білімнің кәусар бұлағынан нәр алғысы келген әр шәкірттің жүрегіндегі тулаған сенімді лаулату үшін қаншама игілікті істер жасалды, — деген Нұрлыбек Ғилажұлы мерейтой құрметіне ашылған музеймен таныстырды.
Мектеп тарихынан сыр шертетін музей цифрлық Kiosk info ақпараттық бағдарламасымен қамтылған. Шараға қатысушылар VR-көзілдірігін киіп, Led-экраннан 5D форматындағы мектепке саяхат жасауға мүмкіндік алды. «Виртуалды кеңістікте бұрынғы мектеп ғимаратын араладым, өзім оқыған сыныпта ұстазымның сабақ бергенін көріп балалық шаққа сапар шегіп келгендеймін…» деген әсерімен бөлісті алғашқы түлектің бірі Ғизатолла Отарұлы.
Мектептің мәдени азық ошағында алғашқы жылдардағы шәкірттердің дәптері, сынып журналы, басқа да қолжазбалар жәдігер ретінде қойылған. Сондай-ақ, тарихи фотосуреттер, мектеп формасы мен макеттері сол кездің шынайы болмысын бейнелеп тұр.
Бұл күні Атырау облыстық ұлттық гимназия ұжымы тағы бір рухани ісімен тарих шежіресіне енді. Себебі, осы гимназияның өткені мен бүгіні қағазға хатталып, «Тәуелсіздік тарту еткен ұлттық білім ордасы» кітабы оқырманға жол тартты. Кітаптың тұсауын кескен облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова және Атырау облыстық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының басшысы Қылышбай Сүндетұлы «Алда талай бағындырар белестері, атқарылар істері бар болашағы баянды, келешегі кемел білім ордасының жетістіктері алдағы уақытта да еселене берсін» деген лебіздерін білдірді.
Шара соңында білімді қару, тәрбиені қалқан еткен ұлағатты ұстаздарға арнайы марапаттар табысталды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ