
Түлектер жолдама алды
Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде соңғы қоңырау салтанаты өтіп, 114 түлекке үлкен өмірге жолдама берілді. Олардың ішінде 2 түлек «Алтын белгіге» үміткер, ал 10-ы «Үздік аттестат» иегері атанды.

Салтанатты жиында мектеп директоры Ерали Қыдырбайұлы оқу жылының басты жетістіктерін атап өтіп, оқу озаттары мен мектеп өміріне белсене араласқан түлектерге алғыс білдіріп, марапаттар табыстады. «Үздік оқушы» мен «Үздік шаңырақ» иегерлері де атап өтілді.
Мектепті осыдан он жыл бұрын аяқтаған алғашқы түлектер де арнайы келіп, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған көрініс барысында ақын өлеңдері оқылып, рухани мұрасы дәріптелді.
Түлектер ән шырқап, күй тартып, би билеп, әсерлі вальс орындады. Іс-шараның соңында оқушылар мектеп ауласына «уақыт капсуласын» қалдырып, болашаққа аманат жазды.
Биылғы түлектердің дені еліміздегі және шетелдегі беделді жоғары оқу орындарына түсуге ниетті.
Майра ЕРҒАЛИ