Жарнама
Білім

ТЕОРИЯ ТӘЖІРИБЕМЕН ҰШТАССА…

 

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы осынау түйінді мәселені толық шешпесе де, мектепке жас мұғалімдердің баруына аз да болса жол ашты. Бірақ, енді әйелдер зейнетке 63 жаста шығатын болса, ал олар мұғалімдердің 80 пайыздан астамын құрайды десек, жастарға ауылдық мектептерден жұмыс табу қиындайды, әлеуметтік жағдай күрделенеді. Сондықтан, бүгінгі педагогикалық бағыттағы оқу орындары студенттерінің өмірлік ұстанымдары мен кәсіби бағыты, құндылықтар таңдауы, басымдық мүдделері теориялық және тәжірибелік жағынан аса маңызды болатындығы белгілі.

Әсіресе, болашақ мұғалімдерді тәрбиелеу педагогикалық тәжірибесіз іске аспайтындығы белгілі. Студент қызметке араласып, нақты кәсіби жағдайлармен кездесіп, қиындықтармен бетпе-бет келгенде ғана шыңдалады, өзінің мүмкіндіктерін байқайды, тексереді, мұғалім мамандығына жарамдылығын зерделейді. Себебі, бұған тек оқулықтар мен дәрістердің үйретуі мүмкін емес. Педагогикалық тәжірибеден өту – студенттер үшін мұғалім мамандығын меңгеру жолындағы күрделі де, жауапты кезең.  Студент тәжірибеден өту барысында екі бірдей қызмет атқарады: ол, бір жағынан, әлі де университет үшін білім алушы немесе объект, ал, екінші жағынан, ол мұғалім, педагог, кәсіби білімі бар субъект. Студент жағдайының күрделілігі оның оқуының әлі жалғасуында, мұғалім, педагог бола тұра оның жұмысы бақылауда, әр қадамына баға беріледі. Дегенмен, студент тәжірибеден өткенде жаңа әлеуметтік мәртебеге ие болады. Ең бастысы, оған ерік беріп тежемей, әрбір жағдайда белгілі бір қағидалардың, нормалардың шеңберінде ұстамай, оқу-тәрбие мәселелерін шешуде ізденіске бастауын, дәстүрлі емес жолдарын табуды қолдаған жөн.

Өркениетті елдерде де тәжірибеден өтуге басымырақ мән беріледі. Мәселен, Президенттің «Болашақ» стипендиясының иегері, Жапониядағы Токай университетінің 4-ші курс студенті Сәуле Жолдаяқова: «…Жапонияда білім беру жүйесі де ерекше. Жапондықтар теориядан гөрі тәжірибеге көп көңіл бөледі. Барлығын іс жүзінде істеп, өз көзіңмен көргенің жадыңда жақсы сақталады. Қабылдауға оңай, түсінікті. Түрлі эксперименттер болады. Сабақ деп аудиторияда қамалып отырмайсың. Тауға да шығасың, теңіз жағалауына да барасың. Сөйтіп, сондағы тіршілікпен жақынырақ танысасың. Айталық, Хоккайдо деген солтүстік аралға апарды. Барлығын университет ұйымдастырды. Сол аймақтың ерекшелігімен, табиғатымен танысып, аймақта қандай экологиялық проблема бар, оны шешу үшін не істеу керек екені туралы жобалар дайындадық. Оқу үрдісі әрі қызықты, әрі пайдалы» деп атап көрсеткен болатын.

Көптеген зерттеулер студенттердің кәсіби бағдарына жоғары оқу орнынан алған білім сапасының әсер ететініне назар аударады. Университеттің берген біліміне студенттер қанағаттанбаса, оқытушылар педагогтың шынайы үлгісін көрсете алмаса, ол студенттің мұғалім болуы күмәнді. Егер университетте білім сапасы жоғары болса, оқу барысында болашақ мұғалімдердің маңызды кәсіби дағдысы, ерекшеліктері айқындалып қана қоймай, педагогикалық қызметке қызығушылығы қалыптасады, бағыт-бағдары ысылады, жас ұрпаққа білім беру мен оларды тәрбиелеудің маңыздылығын түсінеді, жауапкершілік сезімі де оянады.

Сапалы білім беруді анықтауда мектепішілік бақылау мен зерттеудің маңыздылығы ерекше. Бұл өте жауапкершілікті, әділеттілікті, біліктілікті қажет етеді. Мұғалімдердің білімін тексеру, бақылау белгілі бір ұстаздың сағын сындырып, кек алу үшін емес, олардың қабілеттерін, іскерлігін, шеберлігін зерттеу, үйрену мақсатында жүргізілгені жөн. Бақылауды әділдікпен, сауаттылықпен жүргізбесе, басшылар мен ұстаздардың арасында кикілжің туындауы мүмкін. Сондықтан, мектепішілік бақылауды белгілі бір  мақсатқа байланысты жүргізген дұрыс. Саны бар да, сапасы жоқ, тек сабаққа қатысудың санын толтыру үшін емес, белгілі бір ұсыныстар мен тиімді нұсқаулар беру үшін, ұстаздардың кәсіби шеберлігін, теориялық білімін, жаңалықтарын білу бағытында жүргізілгені пайдалы болмақ. Шама келгенінше, сабаққа қатысушының мамандығы сабақ өткізіп тұрған ұстаздың мамандығымен сәйкес болуы қажет. Мектепішілік бақылау кезінде мұғалімнің теориялық білімі, сабақ беру кезінде тиімді әдіс-тәсілдерді таңдап алу шеберлігі, оқушылармен қарым-қатынасы, логикалық ойының тереңдігі байқалады.

Сапалы білім берудің келесі бір бағыты – әр ұстаз өзі сабақ беріп жүрген сыныптарының оқу бағдарламасында көрсетілген шығармалар мен ережелердің кемінде 80-90 пайызын өте жоғары деңгейде біліп, сабақ өткізудің ең тиімді әдістерін таңдап алып, білім-біліктілігін, кәсіби шеберлігін, тың шығармашылық ізденісін көрсетуге тиіс. Оқулықтың шеңберінен шыға алмай, жалаң  дайындықпен тиянақты, сапалы білім беру мүмкін емес. Қандай сабақ өткізсең де дидактикалық заңдылықты сақтай отырып, жаңа сабаққа кірісу – ең тиімді жол.

Сонымен қатар, мектеп оқушыларына сапалы білім беру – 5-6-7 сыныптарда берілген білімнің сапасына тікелей байланысты. Себебі, осы сыныптарда негізгі пәндердің теориялық материалдарының алғышарттары өткізіле бастайды. Сондықтан, осы сыныптарға мектептің ең шыңдалған, білімді, тәжірибелі ұстаздары сабақ бергені дұрыс. Мектепішілік тексеруді осы сыныптарда күн сайын жүргізу қажет. Өкінішке орай, аталған сыныптарды білім-біліктілігі төмен, кәсіби шеберлігі әлі шыңдалмаған, «күлшелі бала сүйкімді» дегендей, кез келген ұстазға бере салады, бұл – қате. Қазір жоғары сыныптарда оқушылардың білімсіз, сауатсыз болуы 5,6,7-сыныптарда сапалы білім берілмегеннің салдары екені айтпаса да түсінікті.

Таңдап алған тақырыбымызды түйіндер болсақ: Егер мұғалім мамандығы әлеуметтік жағынан шынайы қорғалса, оған өз ертеңіне сенімді, білікті жастар барады. Интеллектуалды және азаматтық әлеуеті жоғары мұғалім қоғамның кез келген саласында жұмыс істей алатын білімі терең, ерік-жігері мықты, біліктілігі толысқан жаңа формация мамандарын тәрбиелейтіндігі сөзсіз.

 

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университеті педагогика және психология

кафедрасының доценті.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button