Жарнама
Білім

«Tech Orda»: ІТ-әлемге жолдама

Гуманитарлық білім IT саласына қадам басуға еш кедергі емес. Қазіргі заманауи білім беру бағдарламалары мамандықты ауыстыруға, көзқарасты кеңейтуге, тіпті өмірді жаңа парақтан бастауға мүмкіндік береді. Әсіресе мұндай мүмкіндік IT саласында ерекше сұранысқа ие. Соның айқын мысалы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Astana Hub» бірлесіп іске асырып отырған «Tech Orda» бағдарламасы, — деп хабарлайды egemen.kz.

Бағдарлама аясында әрбір студент­ке еліміздегі жеке IT-мектептерде оқуға 500 мың теңгеге дейінгі грант бері­леді. Бұл жай ғана қолдау емес, бола­шағы зор салада кәсіби мансап құруға нақты мүмкіндік. «Tech Orda»-ның мақ­саты – цифрлық экономика талаптары­на бейімделген курстар арқылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы адами капиталды дамыту. Жыл сайын мыңда­ған азамат осы мүмкіндікті пайдаланып, IT-саласына қадам басып келеді.

Биыл бағдарламаға 80 IT-мектеп аккредитациядан өтіп, 160 түрлі курс ұсынды. Олардың қатарында веб-әзірлеу, 3D-дизайн, AR/VR қолданбалары, операциялық жүйелерді әзірлеу, киберқауіпсіздік, IoT (заттар интернеті), «Big Data», мобильді қосымшалар мен «GameDev» бағыттары бар. Сонымен қатар «Agile», өнім менеджменті және жасанды интеллект салалары басым бағыт ретінде айқындалған.

«Tech Orda» бағдарламасы мыңдаған азамат үшін шынайы әлеуметтік баспал­даққа айналды. Бүгінде елдің әр өңірінен келген жастар, тіпті бастапқы дайындығы болмаса да, қысқа мерзім ішінде заманауи IT-құзыреттерді меңгеріп, мықты компанияларда жұмысқа орналасып жатыр. Өткен жылы 35 мыңнан астам өтінім қабылдадық, ал арнайы ағымдар аясында алғаш рет 1000 педагогті оқыт­тық. Бұл бағдарламаның кең ауқымда дамып келе жатқанын, оған деген сенім­нің артқанын көрсетеді. Көптеген қаты­су­шы үшін «Tech Orda» тек маман­дық ауыстыру мүмкіндігі ғана емес, елд­ің цифрлық трансформациясына үлес қосуға жасалған саналы қадам болды», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев.

Былтыр бағдарлама аясында 3 465 грант бөлінді, оның 2 465-і негізгі ағым­ға, ал 1 000 грант мұғалімдерге арнал­ған арнайы бағыттар бойынша бө­лін­ді (оның 300-і мектеп мұғалімдеріне, 700-і жоғары оқу орындарының оқыту­шыларына).

«Tech Orda» бағдарламасына қаты­сып, өмірін түбегейлі өзгерткен жандар баршылық. Мәселен, Аруна Сабыр саясаттанушы мамандығы бойынша білім алған, мемлекеттік басқару саласында магистратураны тәмамдап, бірнеше жыл университетте қызмет еткен. Дегенмен IT саласын меңгеруге деген ықыласы бәрінен басым түскен.

«Бұған дейін түрлі онлайн-курс­тарға қатысып көрдім, бірақ көбін соңына дейін жеткізбейтінмін. «Tech Orda» бағдарламасы жүйелілігімен, менторлардың қолдауымен және грант арқылы оқу мүмкіндігімен баурап алды. Қазір менің өмірім түбегейлі өзгерді, «backend PHP» -әзірлеуші болып жұмыс істеймін. Бұл бағдарлама болмаса, мұндай қадамға барар ма едім, білмеймін», дейді ол.

Бүгінде Аруна «Meteoro Ai» компа­ния­сында еңбек етіп, IT саласында сенімді мансап жолын жалғастырып келеді.

Ал Әлия Рақышева SDU-дың экономика мамандығы бойынша түлегі. Бұған дейін «KPMG» компаниясында салық кеңесшісі болып істеген. Кейін «Data Science» саласына бет бұруды ше­шіп, «Tech Orda» бағдарламасы туралы естиді.

«Маған IT-мектептерді таңдау мүм­кіндігі мен оқу ақысының толық­тай грант есебінен жабылаты­ны ұнады. «Data Science» бойынша білімімді нығайтып, оны нақты тәжірибеде қол­дануды қаладым. Ең пайдалысы – қа­рапайым деректерді түсінікті метрикаға және бизнес­ке қа­жетті ұсыныстарға айналдыруды үйрендім», деді Әлия.

Бағдарлама барысында ол коман­далық жобаларға қаты­сып, топпен жұмыс істеу бойынша тә­жірибе жинады. Бағдарлама­ны аяқтаған соң, Әлия «Freedom Insurance» компаниясына «Junior Data Scientist» ретінде жұмысқа орналасты.

Ал Баяшат Тоқмұхамбет KBTU-дың 4-курс студенті болып жүріп, «Tech Orda» туралы достарынан естіген. Оның айтуынша, бағдарламаның басты артықшылығы – тегін оқу мүмкіндігі.

«IT-мектептегі орта бізді әрдайым ынталандырып отырды. Алты айдың соңында EPAM компаниясындағы тәжірибеге дайындала бастадым, көп ұзамай халық­ара­лық жобаға тағылым­дамадан өтуге қабылдандым. Бұл бағдарлама тек білім беріп қана қойған жоқ, жаңа дос­тар сыйлады, ортамды кеңейтті», дейді ол.

Қазір Баяшат EPAM «Solutions» компаниясында «Junior Software Engineer» қызметін атқарады. Оның «GitHub» платформасында «shanyrak.kz» пен «Fox Paper» жобалары бар.

Аруна, Әлия және Бая­шаттың оқи­ға­лары «Tech Orda» бағдарла­ма­сы­ның кө­ме­гімен жаңа өмір бас­таған жүз­де­ген тү­лектің қол жет­кізген же­­тісті­гінің бір бөлігі ғана. Бағдар­лама азамат­тарға жаңа мамандық меңгеріп, сұра­нысқа ие жұмыс табуға, IT саласында дамуға жол ашып отыр. Өйткені «Tech Orda» – жеке IT-мектептерде білім алуға берілетін мемлекеттік ваучер. Бұл бағдарлама ең сұранысқа ие IT-бағыттарды тегін мең­геруге, бар болғаны 6 айда жаңа мамандық иесі атануға, өзіңізге ыңғайлы оқу форматын таңдауға және тәжірибеден өтіп, жұмыс табуға жол ашады.

Қазіргі таңда тізімде 79 мектеп пен 159 курс ұсынылған. Бірден бес курсқа өтініш беруге болады, бірақ грант тек бір курсқа беріледі.

Статистикаға сүйенсек, «Tech Orda» түлектерінің 88%-ы жұмысқа орналас­қан, олардың орташа жалақысы 505 000 теңгені құрайды. Бүгінде бағдарлама түлектері «Kaspi.kz», «Halyk Bank», «KPMG», «Ernst & Young», «Теңізшев­ройл», «ҚазМұнайГаз», «Freedom Finance», «Kcell», «Air Astana», «Kolesa Group» сынды жетекші компанияларда қызмет атқарып жатыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button