Жарнама
Білім

ТҮЛЕКТЕР ҰШТЫ ҚИЯҒА

Аталған мектеп-интернатта өткен соңғы қоңырау шарасын ашып берген оның директоры Амангелді Шалабаев жыл ішінде қол жеткен жетістіктер мен табыстарға тоқталды. Айталық, республикалық олимпиаданың үшінші кезеңіне қатысқан 84 оқушының 18-і жүлделі орындарға ие болды. Білімге құштар шәкірттер республикалық ғылыми жобалардан да, түрлі ғылыми сайыстар мен Мұқағали оқуларынан да көш ілгері көрінуде.
Дарынды балаларға дәріс беріп жатқан осынау білім ордасында өткен соңғы қоңырау шарасына облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева қатысты. Ол осынау айтулы мерекемен ұстаздар, оқушылар мен олардың ата-аналарын шын жүректен құттықтады. Өз сөзінде ол облысымыздағы 4700-ге жуық орта мектеп бітірушінің 82,4 пайызы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниет білдіргенін, олардың арасында ата-ана мен ұстаздарының үміттерін ақтар үздіктердің көп екенін айтты. Сондай-ақ, Айгүл Теміртасқызы осы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының облыс орталығынан шалғай жатқан ауыл-село тұрғындарының балаларын оқытып, тәрбиелеуде үлкен үлес қосып жатқанын, ол балалардың түрлі сайыстар мен олимпиадаларда облыс намысын бір кісідей қорғап жүргенін баса әңгімеледі. Сөзінің соңында ол ұстаздар үмітін ақтар түлектердің алдағы сыннан сүрінбей өтіп, өздері қалаған мамандықтарына қол жеткізулерін тіледі.
Мұнан әрі облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова мектеп-интернаттың оқу озаттарын марапаттады. Ұстаздар қауымы атынан он бірінші сынып жетекшісі Любовь Леснова, ата-аналардан Әлия Биманова, ал түлектер атынан «Алтын белгіге» үміткер Дархан Құрманбай сөз алды. Шараның соңына қарай мектеп бітіруші Абылай Жолдасов оныншы сынып оқушысы Жанғаным Медетоваға символикалық «Білім кілтін» табыстады. Соңғы қоңырау сылдыры естіліп, кеуделерін қимастық сезімі билеген түлектер ән салды. Олардың қолымен көкке қарай арман-тілекке толы шарлар ұшырылды…

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button