Сыннан көз ашпаған білім саласы енді ғана оңалып келеді
Бүгін – білім күні. Ала жаздай асыр салған ойын баласының алтын ұя мектебін аңсап жетер сәті. Биыл облыста 15 мыңға жуық бала 1-сынып табалдырығын аттаса, 7 жаңа мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Бұған дейінгі оқу жылдары «Әліппе» оқулығының қайта оралуы, 1-ші сынып оқушыларының тек ана тілінде ғана білім алатындығымен және оқу жылының екі аптаға ұзаруымен есте қалды. Иә, білім беру жүйесінде жыл сайын уақыт сынына түсіп жатқан жаңа реформалар енгізілуде. Алғашқы қоңырау сыңғырымен жергілікті білім беру саласында биыл қандай жаңалықтар болмақ? Білім ошақтарының жайы ше?
Екі жылда – 52 мектеп
Өңірде 11 үш ауысымды, 4 апатты жағдайдағы мектептің бары жергілікті тұрғындарға жақсы таныс. Оның бұған дейін толыққанды білім алуда қолайсыздықтар тудырып, оның мәселесімен ата-аналар жиі соқтығысып та жүр. Десек те, дәстүрлі тамыз мәслихатында облыс әкімі Серік Шәпкенов осы жылдың соңына дейін апатты мектептің 3-уінің мәселесі толықтай шешілетінін хабарлаған болатын. Әйтсе де, барлық білім ұяларында оқушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатымен қайтадан мектептер зерделеніп, кейбір білім ошақтары апатты мектептердің санатына көшірілетін болады. Осыдан соң, апатты мектептер саны қайтадан артуы мүмкін. Бірақ жергілікті атқарушы биіліктің бұл мәселеге қатысты өз жоспары бар. Бұл қалай дейсіз ғой?
Алдағы екі жылда, яғни 2025 жылдың соңына дейін аймақта заманауи 52 жаңа мектеп салынып бітеді. Міне, осыдан соң жоғарыда айтқан 11 үш ауысымды білім ошағының саны 6-ға азаяды. Ал, биылдың өзінде облыста 7 мектеп пен 1 жапсаржай пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков былай деді:
– Жоспарымызды нақтылай келе, жыл аяғына дейін жалпы саны 6450 орынға шақталған жаңа мектептер оқушыларға қызмет етеді деп күтілуде. Қолданысқа берілетін жаңа мектептер қатарында Атырау қаласы бойынша 5 білім ордасы бар. Нақтылай айтсақ, облыс орталығындағы Нұрсая, Сарыарқа шағынаудандарындағы Binom мектептері, Жаңаталап, Ақжар ауылындағы және №1 М.Жұмабаев атындағы мектептер. Жылыой ауданындағы №5 орта мектеп және Махамбет ауданындағы білім ұялары осы жылы, ал Индер ауданындағы Қ.Есқалиев атындағы білім ұясы 2024 жылдың I жартыжылдығында тапсырылады деп күтілуде. Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы мектептің жапсаржайы да келесі жылдың басында қолданысқа беріледі. 2024 жылы облыс бойынша 18 мектеп бой көтерсе, оның ішінде 9 білім ордасы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынады».
Интерактивті карта енгізіледі
Мектептердегі орын тапшылығы мәселесі біртіндеп шешімін табатын болса, педагогтардың тамыз мәслихатында аталып өткендей, алдағы оқу жылында балаларға қолайлы орта қалыптастыру, оның ішінде психологиялық қолдау, буллинг пен зорлық-зомбылық секілді қауіптерге жол бермеу бағытындағы жұмыстар күшейтілмек. Бұған жергілікті атқарушы орын ғана емес, Оқу-ағарту министрлігінің өзі мүдделі болып отыр.
Биыл Атырауда мектеп оқушыларының арасында аутоагрессивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында пилоттық жобалар қолға алынады. Балалардың аутоагрессивті мінез-құлқының алдын алу үшін психологтардың арнайы орталықтарын ашу туралы педагогтардың кеңесінде облыс әкімі Серік Шәпкенов жауапты сала мамандарына тапсырма жүктеген болатын.
Жаһандану заманында қауіптің қайдан дерің жоқ. Жасөспірімдердің зиянды, жат әдеттерге әуестігі былай тұрсын, оларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық, әлімжеттік жағдайлары да соңғы жылдары жиілеп кетті. Өңірімізге іссапармен келген Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан балалардың қауіпсіздігін білім беру мекемелерінде ғана емес, қоғамдық ортада қамтамасыз ету үшін мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде министрлік 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірлеп, бекітуге ұсынғанын хабарлады. Бұл құжатта алдымен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы әзірленбек.
– Аталған карта өңірлердің білім беру мекемелерінің желісінде балалардың құқықтарын қорғауда жағымсыз құбылыстардың барлық түрлері бойынша статистикасын қамтитын болады. Өкінішке қарай, бұл статистиканы әр өңір жеке-жеке жүргізіп отыр. Мектептегі баласының осындай құбылыстарға тап болғанын мектеп әкімшілігі білмей қалатын жағдайлар да кездесуде. Яғни, әрбір ведомствоға ортақ осындай интерактивті карта іске асады. Екіншіден, құқықбұзушылық және зорлық-зомбылық, басқа да жағымсыз құбылыстар мәселелерін қарастырудың барлық деңгейлерінде жаңа кис менеджмент технологиясы енгізіледі. Бұл құқықбұзушылыққа тап болған әр баламен жеке жұмыс жасауға бағытталған бастама.
Осы бағытта министрлік халықаралық тәжірибені де зерделеді. Әлемдегі балаларды жәбірлеудің алдын алудағы ең тиімді жоба фин мемлекетінде екені анықталды. Осы елдің бағдарламасы жұмыс жасаған 10 жылда буллинг 4 есеге дейін төмендеген. Бұл тәжірибеде біздің ұлттық ерекшеліктеріміз ескеріле отырып, зерделеніп, білім беру мекемелерінің жүйесіне енгізілетін болады. Осындай бастамалардың нәтижесінде балаларға қатысты қатыгездік азайып, тәуекел тобындағы отбасылардың әл-ауқаты артады деп күтілуде, — деді Жолдас Батырхан.
Ерекше балаларға – ерекше білім
Білім берудегі маңызды мәселенің бірі оқушыларды оқулықпен қамту ісі. Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, жаңа оқу жылында облыс бойынша оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту үшін жергілікті бюджеттен оқулық (583 483 оқулық) алуға 1 676 370,0 мың теңге, ал оның тасымалына 19 849,0 мың теңге бөлініп, білім беру мекемелеріне жеткізілген. Бұдан бөлек, облыс мектептерін заманауи робототехника, химия, биология, физика кабинеттерімен қамту жоспары аясында 2023 жылға 35 кабинетті жабдықтау жоспарланып, қазіргі уақытта 7 кабинет жасақталған. 20 кабинетке қажетті құрал-жабдық сатып алынбақ. Оның ішінде, негізгі басымдық биология-3, химия-3, STEM-5 кабинеттерін алуға беріліп отыр. Физика және робототехника кабинеттеріне облыс мектептерінен сұраныс болмауы себепті сатып алу жұмыстары жүргізілмеген. Ал, қазірге дейін Исатай ауданының Новобогат мектебіне STEM кабинеті алынған.
Облыста денсаулығына байланысты ерекше білімді қажет ететін балалар да бар. Аталған басқарманың мәлімдеуінше, олардың саны – 6878 (оның мектеп жасында – 4459, мектепке дейінгі жасында – 2419). Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз жағдай жасау басқарманың бақылауында. Ендігі жерде ерекше балаларды оқытуда да мұғалімдер біліктілігін арттыру үшін арнайы курстарға жіберіліп, жаңа методика бойынша жұмыс істеуге маңыз берілмекші.
Былтырғы оқу жылында біраз қоғам талқысына түскен оқу жылының екі аптаға созылуы ұстаздар мен оқушыларға да қолайсыздық тудырғаны рас. Бұл келіспей пішкен тон болғандықтан келте шықты. Республикалық тамыз мәслихатында Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың өзі де мұның асығыс шешім болғанын айтып, жаңа 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын мәлімдеген еді. Дегенмен ата-ана үшін баласының қанша уақыт мектепте болғаны емес, ең бастысы зор үмітпен берген көз қарашығының зейіні ашылып, білім нәрімен сусындағаны маңызды. Бес саусақ бірдей болмаса да, балалардың барлығының бірдей бестік бағаға оқып, зейінді болғанын кім қаламасын.
Бір қуанарлығы, бұған дейін жылдар бойына сын көтермей келген облыстың білім сапасының бет алысы жаман емес. Мамандар салада сәл болса да серпін барын айтады. Лайым солай болып, алдағы оқу жылында да үздіктердің қатары арта түссе дейміз. Өйткені, қай салада да басты қағида – сан емес, сапа.
Мәлике Қуанышева