Жарнама
Білім

Сыңғырла, күміс қоңырау!

Білім күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау қаласындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған №30 мектеп-гимназияда болып, мерекеге арналған алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.

Сыңғырла, күміс қоңырау! (1)

Жиын барысында аймақ басшысы оқушыларға ақжарма тілегін білдірді.

«Елбасы өскелең ұрпаққа лайықты білім беруді қатаң бақылауда ұстап келеді. Соның нәтижесінде елімізде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде жан-жақты қолдау қалыптасты. Мұндай іс Атырау өңірінде де  жалғасын табуда. Биыл 35 білім нысанын күрделі жөндеуден өткіздік. Екі мектеп жаңадан іске қосылды. Мемлекет басшысының апатты жағдайдағы мектептерді жою тапсырмасына сәйкес, қарқынды жұмыс жүруде. Сегіз мектеп жаңадан ашылуда. Білім ордаларының материалдық-техникалық базасы да жақсарды» деген аймақ басшысы оқушыларды білімді азамат болып қалыптасуға үндеді.

Аталған мектеп-гимназияның директоры Ақмарал Кенжеғарина білім ошағының алдыңғы қатарлы орында екенін айтып, бүгінге дейінгі жетістіктерімен бөлісті. «Биылғы оқу жылындағы оқушы саны – 1710. Оның ішінде 240 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттауда. Барлығы 130 мұғалім қызмет етсе, олардың әрқайсысы ұстаздарға арналған жаңартылған курстан толық өтті. Былтыр мектепте робот техникасын жасау үйірмесі ұйымдастырылды. Биыл облыс әкімі тарапынан бұл жұмысқа арнайы зертхана тарту етілді. Сабақтан тыс би, спорттық, вокал және шет тілдерінде оқыту үйірмелері жұмыс жасайды. Жетінші сыныптан бастап физика, биология, химия, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады» деді А.Кенжеғарина.

Оның айтуынша, өткен жылы мектеп-гимназияда екі оқушы «Алтын белгі», бір оқушы «Үздік аттестат» иесі атанды. Мектепті тәмамдаған 97 түлек түгелдей жоғары оқу орындарына қабылданды. ҰБТ-ға жетпіс оқушы қатысып, білім сапасы 80 пайызды көрсетті.

Салтанатты шарадан соң облыс әкімі Нұрлан Ноғаев білім ордасын аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты. Оқушылармен тіл-десіп, оқу үрдісі туралы пікірін білдірді. Дене шынықтыру залы мен сыныптарды аралаған Нұрлан Асқарұлы мектеп асханасын да назардан тыс қалдырмады, оқушыларға тегін берілетін ас мәзіріне баса көңіл аударды. Балғындарға арналған ас мәзірі дәрумендерге толы тағамдардан құралған. Оқушылар үшін ешкі сүті де беріледі. Бұл ретте аймақ басшысы тағамдардың құнарына ұдайы мән беру қажеттігін де ескертті.

Сыңғырла, күміс қоңырау!

* * *

Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия биыл 90 оқушыны жаңадан қабылдады. 7-ші сыныптан бастап гимназияға алынған шәкірттердің дені физика-математика бағытын таңдаған.

Талантымен дараланған балаларды алғашқы қоңырау салтанатымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев арнайы келіп құттықтады.

«Облыстағы жалпы білім беретін 192 мектеп 110 мың оқушыны қабылдап отыр. Бірінші сыныпқа қабылданған оқушылардың саны 14 мың 500. Елдің өркениеті қашанда білімімен бағаланған. Демек, мектептер еліміздің бүгіні ғана емес, болашағына да жауапты» деді Ғұмар Исламұлы. Қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінің ашылуы да білім саласы үшін зор жаңалық болып отыр. Осы мәселелерге тоқталған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев мектеп мұғалімдерінің алдында бәсекеге қабілетті маман  қалыптастыру міндетінің тұрғанын атап өтті.

Айта кеткен жөн, шәкірттерін биыл жаңа ғимаратта қабылдап отырған ұлттық гимназия физика-математика, химия-биология, гуманитарлық бағытта тереңдетіп білім береді.

* * *

Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов Ақсай селосындағы С.Датов атындағы №26 мектептің оқушылары мен бірінші сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндерді 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтады.

Қала басшысы мектептің ең басты құндылығы – мұғалімдердің еңбегіне зор баға бере отырып, ұрпақ тәрбиелеудегі ізденістеріне толағай табыс тіледі.

Батыр атындағы бұл мектепте биыл 846 оқушы оқиды.  Ата-аналар балаларының алғашқы қадамына өте қуанышты. Көпшілігі жаңа оқу жылында жақсыдан үміт күтеді, кейбірі балаларының білім сынақтарында бақ сынап, мерейді үстем ететініне сенімді.

Мектеп директоры Исатай Хидуллин, ардагер-ұстаз Сұлушаш Ергебаева шәкірттерге оқуда да, өнерде де алда көрінулеріне сәттілік тіледі.

Алғашқы қоңырау соғу рәсімі бірінші сынып табалдырығын аттаған бүлдіршін Айкөркем Сағидоллақызы мен 11 сынып оқушысы Рамазан Бейсенбайұлына бұйырды. Сөйтіп, мектепте «Мен елімнің патриотымын»  атты алғашқы ашық сабақ басталып кетті.

* * *

Облыс орталығындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте де алғашқы қоңырау соғу рәсімі болып өтті. Оған  Атырау қалалық мәслихатының депутаты Әнуарбек Салихов қатысты. Жаңа оқу жылын осы мектептің үздік оқушылары Қазақстанның Туын көтеруден бастады. Содан соң еліміздің Әнұраны орындалды.

Мектеп басшысы Бибігүл Ғапуова былтырғы бітіріп кеткен оқушылардың жақсы жетістікке жетіп, грант иегерлері болғандарын айтты. Жаңа оқу жылында 894 оқушы білім алатын болса, оның 106-сы – бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер.

Халық қалаулысы Әнуарбек Қайыржанұлы  «Елдің ертеңі, жарқын болашағы өздеріңсіңдер. Дәл қазір сендердің білім мен өнерді, спортты үйренетін кездерің. Алтын уақыттарыңды пайдалы істерге жұмсауға үйреніңдер. Елбасымыз Н.Назарбаев мұғалім балаларды қалай тәрбиелесе, мемлекетіміз солай болады» деген болатын. Ендеше, сол ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын балаларымыз білімді, білікті азамат болып қалыптассын» деді.

Бұл тілекті әрі қарай ардагер ұстаз Дәмелі Қызылова мен мектеп директорының орынбасарлары Мағия Сапанова, Ақлима Сиражеденовалар жалғады.

Алтыншаш Құрмашева,
Баян Жанұзақова,
Нұргүл Ысмағұлова,
Рита Жайғалиқызы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button