Ұзақ жыл білім беру саласында қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққанмын. Елбасының халыққа арнаған Жолдауын теледидардан тыңдап, қосымша баспасөз беттерінен де мұқият оқып, біраз ой түйгендей болдым. Бір қуанарлық жайт, алдағы жылы педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылданатындығы.
Шынында да, аталған заң қабылдана қалса, өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын әріптестерім үшін үлкен ынталандыру болады деген ойдамын. Сонымен қатар, бұл білім сапасын көтеруге, оқу-тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыруға, ұстаздар еңбегін бағалауға да мол мүмкіндік туғызады.
Жолдауда атап көрсетілгендей, Президент барлық мемлекеттік орта білім беру орындарын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің стандарттарына келтіру міндетін нақтылап белгілеп берді. Әрине, меже биіктігіне ұмтылыс бірте-бірте оқу-материалдық базаның да сәйкес жабдықталуына септігін тигізбекші. Соңғы жылдарда мектеп дамуында біраз белгісіздіктің белең алғаны белгілі. Ендігі жерде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үлгісі барлық орта мектептер үшін бірден-бір міндетті бағдар болатын болды. Бүлдіршіндерді ерте бастан дамытудың бірегей стандартын түзген өз мемлекеттік бағдарламамыздың болуын Елбасымыз орынды ескертіп кетті.
Иә, шынымен де қазіргі уақытта мұғалімдерге жүктелетін міндеттемелер өте көп. Аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылатын қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік шараларды мұғалімдердің қатысуынсыз көзге елестету мүмкін емес. Осындай қосымша жұмыстарды атқарамын деп жүргенде мұғалімдер күнделікті өзінің сабағына, жаңа тақырыпқа ізденуге уақыт таппай қалатын сәттерді жиі кездестіреміз.
Педагог – бұл тек қана оқытушы емес, келешек ұрпақты қалыптастырушы тұлға. Оның әлеуметтік мәртебесін белгілі бір жоғары деңгейге көтеру өте маңызды. Сондықтан, Елбасы ұстаздардың мәртебесіне аса мән беріп, арнайы заң қабылдауды тапсырды.
Меруерт МҰХАМЕТҚАЛИ,
«Қазақстан Республикасы білім беру
саласының үздігі», ардагер-ұстаз.
Қызылқоға ауданы