Жарнама
Білім

Шоқпартогай ауылында заманауи STEM-кабинет ашылады

Атырау облысы Шоқпартогай ауылындағы мектепте алғаш рет заманауи STEM-кабинет пайда болады. Бұл тек жаңа оқу кеңістігі ғана емес, ауыл оқушыларының техникалық білімі мен цифрлық дағдыларын дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Жоба «ТШО» компаниясымен жасалған келісім аясында жүзеге асып отыр. Келісім негізінде «Олжа» АҚ Жылыой ауданының әлеуметтік дамуына үлес қосуды міндетіне алды. Көп жылдан бері қаржыландыру тапшылығын көріп келген жергілікті мектеп енді алға жылжуға нақты мүмкіндік алып отыр.

Шоқпартогай ауылында STEM-білім беруге қажеттілік бұрыннан туындаған. Ауданның басқа мектептері мұндай бағдарламаларды 5–6 жыл бұрын енгізе бастаса, бұл мектептің оқушылары ескі ғимарат пен материалдық базаның жоқтығына байланысты мұндай мүмкіндіктен тыс қалды.

ТШО-ның мердігер ұйымы — «Олжа» тарапынан көрсетілген қолдау үлкен серпіліс әкелді. Мұғалімдер мен оқушылар жаңа мүмкіндіктерді зор ықыласпен қарсы алды.

Жаңа кабинет 26 оқушыға арналғанымен, ондағы сабақтар мектептің барлық 600 оқушысы үшін қолжетімді болады. Оқыту STEAM жүйесі бойынша жүргізіледі — яғни, ғылым, технология, инженерия, өнер және математика бағыттарын қамтиды.

STEM-кабинетте информатика, физика, биология, технология және бастапқы әскери дайындық пәндері оқытылады. Қазіргі таңда бұл бағыттар бойынша үш мұғалім жұмыс істейді, ал болашақта оқытушылар құрамын көбейтіп, оқу пәндерін біріктіру көзделіп отыр.

Жаңа жобаның барлық педагогтары өткен жылы ТШО ұйымдастырған курстардан өтіп, арнайы сертификаттар алған.

— Кабинет заманауи техникамен жабдықталған: интерактивті панель, ноутбуктер, робототехника жиынтықтары және басқа да заманауи құрылғылар орнатылған. Бұған дейін біздің оқушылар қажетті база болмағанына қарамастан, республикалық техникалық байқауларға қатысып жүрді. Енді олардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуге нақты мүмкіндігі бар, — деді «Олжа» АҚ ресми өкілі Дархан Жылмағанбетов.

STEM-кабинеттің ашылуы — жай ғана инфрақұрылымды жақсарту емес. Бұл — болашаққа салынған инвестиция, ауыл балаларының таланты мен әлеуетін дамытуға, ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған нақты қадам. Мектеп оқушылардың заманауи талаптарға сай дамуына жол ашатын оқыту әдістерін белсенді түрде енгізуді жоспарлап отыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button