САЛАНЫ РЕФОРМАЛАУ – ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында заманауи білім беруді басты мақсат ете отырып, білім беру әдістемелерін жаңғырту, инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты сынды басты мәселелерді негізгі міндет етіп қойды.
Білім беру қызметі мен дамуындағы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдайларды талдау облыс халқының жартысына жуығын 1-24 жастағы балалар мен жастар құрайтындығын көрсетті. Облыстың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, мектептерде, колледждерде осы аталған жастағы азаматтардың басым көпшілігі дәріс алуда.
Жыл сайын халқымыздың әлеуметтік, демографиялық жағдайы жақсарып, жұмыс орындары көптеп ашылуда. Осыған орай, балабақшаларға деген сұраныс күн санап өсу үстінде. «Балапан» бағдарламасы бойынша өткен жылы 1300 орындық балабақшаны іске қосу жоспарланып, 2900 орын пайдалануға берілді. Ал, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 1820 қосымша орын пайдалануға берілді.
Мектепке дейінгі ұйымдар желісін ұлғайтуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында жыл сайын жекеменшік балабақшалар іске қосылып келеді. Бүгінгі күні облыста жекеменшік балабақша және жекеменшік шағын орталық жұмыс жасайды. Жекеменшік балабақшалардың басым үлесі Атырау қаласына тиесілі.
Мектепке дейінгі ұйымдар желісін өсірудің 2020 жылға дейінгі Қадамдық жоспарына сәйкес, жыл сайын 4000 жаңа орын іске қосылса, кезектілікті 60%-ға дейін азайтуға және 3-6 жас аралығындағы балаларды толық қамтуға мүмкіндік туады деп жоспарлануда.
Әлеуметтік қолдау мақсатында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін «Қуан, сәби!» республикалық акциясы, «Балаларға мейірім сыйлаймыз», «Ризашылық – Добро во благо детям!» мерекелері өз дәрежесінде өтіп, жыл сайын жалғасын табуда. Ағымдағы жылы әлеуметтік осал топ санатындағы жетім, қорғаншылық пен қамқоршылықтағы, аз қамтылған, көп балалы, ата-аналары мүгедек балалар жазғы демалыспен түгел қамтылды.
Есепті оқу жылында Атырау қаласындағы апаттық жағдайдағы Ы.Алтынсарин, Н.Крупская атындағы орта мектептер салынып, пайдалануға берілді. Атырау қаласындағы Жұмыскер, «Көк-арна» елді мекендерінде, Нұрсая ықшамауданында және Махамбет селосында балабақшалар пайдалануға берілді.
Жергілікті бюджет есебінен Исатай ауданы, Тұщықұдық селосындағы «Құлыншақ» балабақшасына жапсаржай, Индер ауданы, Есбол селосында мектеп-интернат құрылысы жүруде.
Мақат ауданы, Доссор поселкесіндегі шипажай-балабақша, Атыраудағы дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия «НКПОК» компаниясының, Индер ауданы, Құрылыс селосында орта мектеп «КТК» компаниясының, Атырауда техникалық гимназия құрылысы «ТШО» компаниясының демеушілігімен салынуда. Білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына уақытылы және сапалы дайындау мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстарына – 101 496 мың теңге қаражат, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 26 білім беру ұйымына 1 231 220,0 мың теңге қаражат бөлінді.
Осы жылы облыс педагогтары Кембридж бағдарламасының деңгейлік біліктілік жетілдіру курстарынан, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасының жаңа форматтағы курстарынан өтті.
Жалпы білім беретін мектептердің және облыстық мектеп-интернаттардың оқушылары, оның ішінде аз қамтылған отбасылар мен бастауыш сыныптың шәкірттері тегін ыстық тамақпен толық қамтылды. Мектептері жоқ ауылдық елді мекендерде тұратын оқушыларды тасымалдау толықтай жүзеге асты.
Мектептер интернетке, оның ішінде кең жолақты интернетке қосылған. Мектептер интернет траффигін толық пайдаланып отыр.
Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу үшін облыстық бюджеттен қажетті қаражат толықтай бөлініп, оқушыларды оқулықпен қамту мәселесі толығымен шешілді.
Жастардың салауатты өмір сүруі үшін жасалып отырған жұмыстардың нәтижесінде жыл санап спорт мектептері мен спорттық секцияларға баратындар саны артып келеді.
Биылғы оқу жылында мектеп жанындағы секцияларға баратын оқушылардың үлесі – 27%, спорт мектептерінде жаттығатындардың үлесі 12% құрады.
Қосымша білім беруде оқушы контингенті 3 792 оқушыға артып, қамту 12,5% болды.
Балалардың жазғы тынығуын ұйымдастыру жұмыстарының көлемі артып келеді. Биыл аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балаларына «Қазақстан геологі» пансионатына тегін жолдама берілсе, облыстан тыс жерлерде орналасқан лагерьлерге жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлінді.
Махамбет ауданында балалар мен жасөспірімдер клубының ашылуына жергілікті қазынадан қаржы қаралып, Атырау қаласында Жастар сарайының құрылысы басталды.
Жалпы орта білім берудеңгейінің негізгі мақсаты – сапалы мектеп біліміне қолжетімділікті қамтамасыз ету. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыс мектептеріндегі білім сапасы 52 % құрады.
Облыстағы жалпы білім беретін мектептерді 2014-2015 оқу жылында бітірушілердің ҰБТ-ге қатысы 74.8% (3527 оқушы) болып, тестілеуге қатысу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 6,1% кеміді. «Алтын белгіге» үміткер 100 оқушының 25-і, «Үздік аттестатқа» үміткер 43 оқушының 8-і ғана өз білімдерін дәлелдей алды.
Заман талабына сай инновациялық бағыттылыққа көшуде Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін таратушы база ретінде Атырау қаласының Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейі және №31 мектеп-гимназиясы танылып, оларға магниттік мектептер бекітілді.
Өткен оқу жылында Құрманғазы ауданындағы Абай орта мектебінде «Бағалаудың критериалдық жүйесі», Атырау қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінде «Оқытудың кредиттік технологиясы» жобалары апробацияланды.
Он екі жылдық білім берудің жаңа мазмұнын енгізетін пилоттық мектептер санатына Атырау қаласының №17 мектеп-лицейі мен Исатай ауданының Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебі енді.
Облыстың білім беру ұйымдарында дарынды жастардың қатары көбеюде. Биыл 81 оқушы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары атанды. Халықаралық, республикалық білім додаларына қатысқан 143 оқушы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бағалы сыйлығына ие болды.
Дарынды оқушыларымыз Көкшетауда өткен ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық «Зерде» байқауында командалық есепте жүлделі I орын, Алматыда өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында командалық есепте II жүлделі орын, республикалық ғылыми пәндер олимпиадасында командалық есепте 1 жүлделі орынның иегерлері атанды.
Алдағы уақытта облыстың білім беру саласында «Қазақстан-2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Стратегиясы, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы, Елбасының «Тәуелсіздік толғауы» еңбегінің басым бағыттары білім беру жүйесін модернизациялаудың стратегиялық факторы ретінде басшылыққа алынып, белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке тұлғаны қалыптастыруды және оған заманауи білім беруді басты мақсат етіп қояды.
Роза Қабдолова,
облыстық білім беру
басқармасының жалпы орта білім беруді дамыту бөлімінің басшысы.