Жарнама
Білім

Қос университет цифрландыру саласында ынтымақтастықты нығайтады

Қытай Халық Республикасының Хэнань провинциясы, Чжэнчжоу қаласында орналасқан Хуанхэ ғылым және технология университетінің делегациясы ресми сапармен Атырауға келіп, UTEBAYEV UNIVERSITY-мен әріптестік бағыттарын талқылады.

UTEBAYEV UNIVERSITY-дің баспасөз қызметінің хабарлауынша, делегацияны Хуанхэ университетінің президенті Ху Шичиань бастап келді. Сонымен қатар кездесуге Қытай халықаралық білім беру қорының төрағасы Чиа Хонгбо қатысты.

Кездесу барысында қос университет арасында академиялық алмасу, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ оқытушылар мен студенттердің халықаралық білім бағдарламалары аясындағы өзара байланысын дамыту мәселелері талқыланды.

Әсіресе, тараптар цифрландыру және технологиялық білім беру бағытындағы ынтымақтастықты күшейтуге ерекше назар аударды. Бұл бағытта бірлескен зертханалар ашу, цифрлық платформа арқылы оқу тәжірибесін алмасу және жасанды интеллект, деректер талдау сияқты салаларда ортақ жобаларды бастау жоспарлануда.

– UTEBAYEV UNIVERSITY халықаралық әріптестікті стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Әсіресе, цифрландыру мен технологиялық инновацияларды дамытуда тәжірибесі мол Қытай секілді елмен байланыс орнату – біз үшін үлкен мүмкіндік. Өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді серіктестікке дайынбыз, – деді университет ректоры Гүлзада Шакуликова.

Хуанхэ университеті – инженерлік-техникалық мамандықтар мен цифрлық технологиялар саласында жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Бұл серіктестік аясында IT, big data, smart technology бағыттарында бірлескен білім беру бағдарламалары мен стартап жобалар іске қосылмақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button