QazHydrant — өрт сөндірушілердің қосымшасы
Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының 11-сынып оқушысы Аслан Тлесов (жоба авторы) өрт сөндіру қызметінде тиімділігі бар мобильді қосымша ойлап тапты. Өнертапқыш оқушы IT-технологияға 8-сыныптан бастап қызығады екен. Аталған қосымшаны дайындауға оған «Білім-инновация» лицейінің шәкірттері — Әбдікерім Нодяров пен Әділжан Салпеков көмектескен.
QazHydrant қосымшасы өрт сөндіру қызметтерін оңтайландыруға бағытталған жоба болуы мүмкін. Жоба авторы Аслан Тлесов өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің №1 мамандандырылған бөлімшесінде қосымшаның таныстырылымын ұйымдастырды.
— Көп жағдайда өрт сөндіру барысында гидранттарды табу проблемасы кездеседі. Әсіресе, түнгі мезгілде өрт гидрантын іздеп табу қиынға соғады. Соның салдарынан адамдар да, мүлкі де зардап шегуі мүмкін, — деген өнертапқыш оқушы қосымшаның қалай жұмыс жасайтынын слайдтар арқылы түсіндірді.
Оның айтуынша, Google картадан Атырау қаласындағы барлық гидранттарды навигациялық жүйемен көруге болады. Жаңа технологияның көмегімен өрт сөндірушілер қосымша арқылы өрт сөндіру қондырғылары (өрт гидранттары мен колонкалары) туралы қажетті ақпаратты да біледі.
QazHydrant қосымшасының қызметімен танысқан өрт сөндірушілер жобаның уақыт талабына жауап беретін болашағы зор жаңашылдық екенін айтады. Дегенмен, әлі де жетілдіретін тұстары бар екен.
— Таяуда қаржы мәселесі шешіліп, жобаны толықтай аяқтаймыз деген сенімдемін. Осы орайда AstanaHub ұйымдастырған Smart City Accelerator (ақылды қала) байқауына қатысып, 1-кезеңнің іріктеуінен өттік. Бұл байқауға қаланы цифрландыру бағытындағы стартап жобалар қатысады, — деді Аслан Тлесов.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА