Жарнама
Білім

Қазақстанда мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» антибуллинг бағдарламасы енгізіледі

2025–2026 жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер мен колледждерде балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алуға бағытталған отандық «ДосболLIKE» профилактикалық бағдарламасы іске асырылады.

Бағдарлама білім беру мекемелерінде қауіпсіз, қолдаушы және өзара құрметке негізделген орта қалыптастыруды мақсат етеді. Ол балалардың әл-ауқаты индексінің қағидаттары мен халықаралық және отандық нормативтік-құқықтық актілерге сүйене отырып әзірленген. Сонымен қатар буллингке қарсы күрестегі озық халықаралық тәжірибелер де ескерілген.

Бағдарлама алғаш болып еліміздің 9 өңіріндегі 50 мектепте апробациядан өтті. Нәтижесінде Астана, Алматы қалалары мен Абай және Жамбыл облыстарының мектептерінде ең тиімді нәтижелер тіркелді.

Мектептерде «шағым → талдау → көмек жоспары → қадағалау» үлгісі бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылып, арнайы антибуллингтік топтар мен кейінгі бақылау шаралары іске қосылды.

“Біз «ДосболLIKE» бағдарламасын буллингтің алдын алудағы тұрақты құрал ретінде қарастырамыз. Апробация нәтижелері көрсеткендей, мұғалімдер, ата-аналар мен балалардың бірлескен қатысуы жанжалдасу деңгейін төмендетіп, сенім мен сыйластық мәдениетін қалыптастырады және мектеп ортасын анағұрлым қауіпсіз әрі қолайлы етеді”, — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Бағдарлама аясында педагогтар, психологтар мен білім беру ұйымдары қызметкерлерін даярлау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 2,5 мыңнан астам маман оқытылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8 мыңнан астам маманға жеткізу жоспарланып отыр.

«ДосболLIKE» бағдарламасы – тек буллингтің алдын алу ғана емес, сонымен қатар бала қауіпсіздігі мен психо-эмоционалдық ахуалын жақсартуға бағытталған кешенді жоба. Бұл бастама білім беру саласындағы маңызды бағдарламалардың бірі болмақ.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button