Қазақстанда балаларға арналған «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі іске қосылады
Президент тапсырмасын орындау аясында Қазақстанда балалардың білім алуына қаржы жинауға мүмкіндік беретін жаңа жүйе – «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылады. Бұл туралы республика Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, жүйенің мақсаты – балалардың 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін ел ішінде және шетелде білім алуына қаржы жинау. Жинақталған қаражатты жоғары, техникалық немесе кәсіптік білім алу қызметтерін төлеуге пайдалану көзделген.
–»Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесіне қосылу үшін ата-аналар екінші деңгейлі банктерде немесе сақтандыру компанияларында шот ашуы қажет. 2025 жылы шотқа 5 жасқа толған балаларға – 60 АЕК (235 920 теңге); жетім балаларға – 120 АЕК (471 840 теңге) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталы аударылады. Сонымен қатар, мемлекеттік сыйлықақы (жылына 5-7%) және инвестициялық табыс есептеледі. Жүйенің негізгі талабы – ата-аналардың жыл сайын кемінде 12 АЕК (2025 жылы шамамен 47 184 теңге) мөлшерінде жарна төлеуі керек, — делінген министрліктің хабарламасында.
Айта кету керек, егер бала мемлекеттік грант иегері болса, жинақталған қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға пайдалануға болады. Сондай-ақ, қаржыны тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға немесе қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға беруге рұқсат етіледі.
Жүйе шоттары Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры және Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры арқылы қорғалады. «Келешек» жүйесі ата-аналардың білім алуға қаржы жинауын жеңілдетіп қана қоймай, балалардың болашағына сенімді негіз қалыптастырады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: freepik.com