
Қаржылық сауаттылығын арттырды
Өңір ұстаздары қаржылық сауаттылығын арттырды. Жақында Ұлттық Банк, Оқу-ағарту министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының үшжақты ынтымақтастығы аясында ауқымды жоба ұйымдастырылды.

Жоба мұғалімдер мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Курс аясында ұстаздар отбасылық бюджет жүргізу және шығындарды жоспарлау, инфляцияның жеке қаржыға ықпалын есептеу, несие мен зейнетақы жүйесінің ерекшеліктерін түсіну, инвестициялау қағидалары мен цифрлық активтерді пайдалану жолдары үйретілді.
Сондай-ақ, қазіргі қоғамда жиі қозғалып жүрген қаржылық қауіпсіздік тақырыбы қамтылды. Мұнда интернет-алаяқтықтан қорғану, қаржы пирамидаларының белгілерін тану, жеке деректерді қорғау тәсілдеріне ерекше көңіл бөлінді. Курстың ең басты артықшылығы – оған дәрістерді тек «Өрлеу» орталығының тренерлері ғана емес, Ұлттық Банктің тәжірибелі мамандары да жүргізуінде. Оқыту барысында педагогтер теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, практикалық тапсырмалар орындады.
Бүгінде Атырау қаласы мен аудандардағы мектептер мен колледждерден 25 педагог алғашқы топта білім алған. Жыл соңына дейін өңірде тағы 7 курс өткізіліп, жалпы 180 ұстаз қамтылады. Оның ішінде 110-ы – орта білім беру ұйымдарының, 70-і – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері. Оқыту 7 топта қазақ тілінде, 1 топта орыс тілінде жүргізіледі.
– Жалпы еліміз бойынша осы жоба аясында 6 мыңнан астам педагог оқытылады. Ал Атырау облысында біз 8 курс өткізіп, 180 ұстазды қамтимыз. Бұл – болашақта оқушылардың қаржыны дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Қаржылық сауаттылықты білім беру жүйесіне енгізу – экономикалық тұрақтылықты нығайтуға әрі қоғамдағы қаржылық мәдениетті арттыруға ықпал ететін маңызды бастама. Педагогтер алған тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығына да үлес қосады, – дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры Маржан Ғалымжанова.
Осылайша, «Қаржылық сауаттылық негіздері» бағдарламасы атыраулық педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, жас ұрпақтың өмірлік дағдыларын жетілдіруге жол ашып отыр.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ