
«Polytech Digital Week»: Тәжірибе алмасу алаңы
Мұнайлы өлкеде «жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Polytech Digital Week» апталығы басталды. С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде ұйымдастырылған төрт күндік шара барысында ұстаздармен қатар студенттер де білімдерін шыңдап, кәсіби біліктіліктерін арттырады. Әр күні әртүрлі тақырыпты қамтитын шеберлік сыныптарында теориямен қатар тәжірибеге де айрықша мән беріліп отыр.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әлменовтың айтуынша, қазір нарықта заманауи технологияларды меңгерген мамандарға сұраныс жоғары. Яғни, күн сайын өзгеріп жатқан жаңалықтарды тез қабылдап, жаңашылдыққа дайын болыу маңызды. Соның ішінде, жасанды интеллект, цифрландыру өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді.
–Мәселен, мектептің құрылысы жүргізілсе, оны салынды деп есепке алып қана қоймай, оның үш ауысымдық жүйені азайтуға септігі тиді ме, балалардың білімін арттыруға көмектесті ме деген сауалдарымызға жауап іздеуіміз керек. Шеберлік сабақтарында әсерлі сөздерден гөрі іске көбірек назар аударғанымыз жөн. Нақтырақ айтсақ, осындай жиындардың қорытындысы талдануы тиіс. Сол үшін компания өкілдерін шақырдық. Қазірдің өзінде біз мектеп директорларымен өтетін жиналыстарды қысқартып, сол уақытты жұмыс топтарына арнап отырмыз. Өйткені, жобаны, жоспарды, идеяны жүзеге асыратын – жұмыс топтары. Сондықтан олардың пікілері маңызды. Жұмысшы тобы әрбір шараның басы-қасында жүргеннен кейін проблеманы да, кемшіліктерді де жақсы біледі. Меніңше, сонда ғана нәтиже көбірек болады, — дейді М.Әлменов.
Ал С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің директоры Бақыт Шершкешбаеваның айтуынша, бұл апталықтың жастармен қатар ұстаздарға да көмегі көп. Студенттерге дәріс беретін оқытушылар да жаңашылдыққа бейімделіп, саладағы соңғы өзгерістерді біліп отыруы шарт. Олар кәсіпорын өкілдерімен ақпарт алмаса отырып, сабаққа қажетті деректерді өздерінен тікелей ала алады.

«Сондай-ақ, біздің колледжде заман талабына сай студенттерді соңғы технологияларды қолдану арқылы 2D, 3D модельдеу бойынша түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлдел орындарды иеленіп жүр. Оның үстіне оқу орнымызда мүмкіндігі шектеулі жастар білім алады. Биыл оларға арнайы топ ашылды. Яғни, диагнозы бар балалар өзге құрдастары секілді диплом алып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік туып отыр. Олар толыққанды бағдарламашы мамандығын алып шығады», — деп нақтылады колледж директоры.
Аталған колледж түлегі, өндірістік оқыту шебері Ерасыл Бақытжан осы оқу орнынан электрмен жабдықтау мамандығы бойынша алып шыққан. Алайда ол білім ордасы қабырғасында жүріп инженерлік графика, CAD, 2D, 3D модельдеу жүйелеріне қызығушылық танытып, осы сала бойынша халықаралық байқауларға қатысып, жүлдегер атанған.
«WORLDSKILLS LYON чемпионатының әлемдегі деңгейдегі чемпонымын. Бүгінде республикалық деңгейдегі бас сарапшы қызметін атқарамын. Апталық барысында мен демеушілік көмек арқылы «Шайнинг» компаниясынан келген 3D сканерлеу аппаратына таныстырылым жасаймын. Бұл заманауи технологияның қызметі – физикалық детальді цифрландыру арқылы компьютерге модель шығару. Яғни, сатылымда жоқ қажетті детальді сканерлеп, оны компьютермен цифрландыру арқылы қондырғыларды 3D принтерден шығарып алуға болады», — дейді Ерасыл Бақытжан.
Апталық қатысушысы Мира Хайруллина мұндай шаралар оқытушылардың білімін жетілдіре түсуге, заманауи технологияларды меңгеруге септігі тиетінін атап айтты. Оны жасанды интеллект технологияларын білім саласына енгізу, сол арқылы тиімді оқу материалдарын дайындау, цифрлық сауаттылық тақырыптары көбірек қызықтырған.
«Шеберлік сабақтары кезінде үйренген әдіс-тәсілдерімізбен колледждегі ұстаздармен де бөлісеміз. Сабағымыз әсерлі өтуі үшін үнемі ізденісте болуымыз шарт», — дейді М.Хайруллина.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ