Оқушылардың жетістігіне талдау жүргізіледі
Сәуірдің 15-26-сы аралығында білім алушылардың жетістіктерінің мониторингі нәтижелеріне кешенді талдау жүргізіледі.
Облыстық білім беру басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірден іріктелген 91 мектептен, оның ішінде 10 жекеменшік білім беру мекемесінен барлығы 5773 оқушы қатысады. Атап айтқанда, IV сыныптар бойынша – 2858, IX сыныптардан 2915 оқушының білім деңгейі сараланады.
Білім алушылардың жетістіктерінің мониторингі нәтижелеріне кешенді талдаулар жүргізудің мақсаты – білім сапасы деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының тиісті деңгейіне сәйкестігін бағалау.
Білім алушылардың жетістіктерінің мониторингі елдің салалық жүйесіндегі мазмұнын жаңарту контекстінде оқу, математика және жаратылыстану пәндері бойынша IV және IX сынып оқушыларының функционалдық сауаттылық деңгейі туралы тұтас түсінік алуға, сондай-ақ білім беру процесінің барлық қатысушыларына атаулы әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.
Мәлике МӘЛІК