
Өндіріс пен білімнің тоғысуы: студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашылды
Қазір ел экономикасының тұрақты дамуы мен индустрияландыру үдерісінде жұмысшы мамандықтарының рөлі ерекше маңызға ие. Қоғамның барлық саласында сапалы еңбек ресурстарына сұраныс артып келеді. Білікті жұмысшылар — өндірістің негізгі қозғаушы күші, жаңа технологияларды игеріп, елдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне зор үлес қосатын мамандар. Сондықтан жастар арасында жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру және олардың маңыздылығын кеңінен насихаттау — бүгінгі күннің стратегиялық міндеттерінің бірі.

Осы мақсатта Атырау көлік және коммуникация колледжінде WorldSkills чемпионаты мен “Жұмысшы мамандықтар – ел дамуының тірегі” атты облыстық форум ұйымдастырылды.
Ашылу салтанатында колледж директоры Жәнібек Ниталиев оқу орнының бай тарихына тоқталып, өңірдің кадрлық әлеуетін дамытудағы колледждің рөлі туралы баяндады. Сонымен қатар облыстық білім беру басқармасының бас маманы Орынгүл Нысанбаева колледждің әлеуметтік серіктестеріне алғыс хаттар табыстап, олардың жастарды қолдаудағы үлесін ерекше атап өтті.
Форум барысында колледж түлектері өз еңбек жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға кәсіби дамудың маңыздылығы жөнінде құнды кеңестер берді. Әлеуметтік серіктес ұйымдардың өкілдері студенттердің теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра білу қабілетін жоғары бағалады. Өндірістік тәжірибеден өткен студенттерге арнайы еңбек кітапшалары салтанатты түрде табыс етіліп, олардың еңбек нарығына алғашқы қадамдары ерекше құрметпен атап өтілді.

Шара аясында колледж бен өңірдегі өндірістік кәсіпорындар арасында маңызды ынтымақтастық келісімдері жасалды. “Дорвестстрой” ЖШС және “DCG Atyrau” ЖШС компаниялары колледжбен өзара меморандумға қол қойып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өту және кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтті.

Жалпы, форум мен чемпионатқа 50 оқытушы, 100 студент және қала мектептерінен келген 80 оқушы қатысты. Бұл іс-шара өңірде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге және жас ұрпақтың кәсіби бағдарын қалыптастыруға нақты үлес қосты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН