
Облыстық педагогикалық оқулар өз мәресіне жетті
Білім арқылы әлемдік бәсекеге қабілеттілікті орнату еліміздегі ұстаздар қауымының ұлт алдындағы жауапкершілігі мен міндетін үстемелей бермек. Бүгін «Өрлеу — Атырау» АҚ филиалы «Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының” ұйымдастыруымен облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясында «Қазіргі білім берудегі жасанды интеллекттің рөлі: мүмкіндіктері, бүгіні мен болашағы» тақырыбында дәстүрлі педагогикалық оқулар өз жұмысын бастады.

Филиал директоры Роза Дәулетова секциялар жұмысына төрелік ететін әділқазылар құрамы және шараға қатысушылармен кездесіп, сәттілік тіледі. Оның айтуынша, педагогикалық оқулар алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірбиені қорыту және тарату мақсатында өтеді. Сондай-ақ, 17 секция бойынша облыстық, қалалық және аудандық білім беру ұйымдарынан 174 жұмыс түсіп, жұмыстарын қорғауға 169 педагог қатысқан.

Нәтижесінде I орынмен — 17, II орынмен — 31, III орынмен 42 педагог марапатталды. Барлық қатысушыға электрондық сертификат берілді. Шараның жабылу салтанатында өнерпаздар педагогтер құрметіне ән-күйден шашу шашты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ