«Мектепке жол» акциясы аясында 10 мыңнан астам атыраулық оқушыға көмек көрсетілген
Атырауда «Мектепке жол» акциясы аясында 10 мыңнан аса оқушы қамтылған. Акция басталған күннен бүгінге дейін 10 116 балаға жалпы құны 144 млн.теңгеден аса қаражат көлемінде материалдық көмек көрсетілді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мемлекеттік мекемелер, шағын және орта кәсіп иелері, жауапкершілігі шектеулі серіктестер және демеушілер көмегімен балалар оқуға ең қажетті — мектеп және спорттық костюмдермен, кроссовкалар, сөмкелер және кеңсе тауарларымен қамтылды. Акция барысында халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарындағы балаларды мектепке дайындауға ерекше көңіл бөлінді.
— Балалар тек мектепке қажетті оқу құралдар, жылы киімдер ғана емес, азық-түлік және ет өнімдерімен қамтылды. Бір отбасыға тіпті тоңазытқыш сыйлады. Ескере кетсек, «Мектепке жол» акциясы жалғасуда, көп балалы, аз қамтылған немесе белгілі себептермен қиын жағдайға тап болған адамдар аталған көмекке мұқтаждығы туралы өтініш жаза алады және міндетті түрде қолдау көрсетіледі,— дейді облыстық білім басқармасы.
Айта кетейік, ірі көлемдегі «Мектепке жол» акциясы ағымдағы жылдың 1 тамызынан 30 қыркүйегіне дейін жалғасады. Оған қатысам деушілер аудандық және қалалық білім бөліміне келуіне болады. Мұнда аз қамтылған отбасылар тізімі бекітілген. Байланыс телефоны: 35-48-47.