Маңызды мәселелердің шешімі
БІЛІМ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР – ӘРКЕЗ БАСТЫ НАЗАРДА. ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖАСҰЛАН БИСЕМБИЕВТІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӨТКЕН ЖИЫНДА ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ ДЕРЕКТЕР ҚОРЫНДАҒЫ МӘЛІМЕТТЕРДІ ТОЛЫҚТЫРУ, БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ИНТЕРНЕТПЕН, ҚАУІПСІЗДІК ҚҰРАЛДАРЫМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУІ, ТАҒЫ БАСҚА МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысына сапарында білім беру инфра құрылымын жаңғыртуға байланысты Үкімет пен әкімдікке нақты тапсырмалар берілген болатын. Ендігі кезекте оның сапалы жүзеге асырылуына маңыз беріліп отыр.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова өңірде жалпы білім беретін барлығы 200 мектеп барын айтты. Соның 199-ы күндізгі болса, біреуі кешкі мезгілде жұмыс істейді.
– Ұлттық білім беру деректер қорын облыстағы білім беру мекемелері толтырады. Әр аудан, қалалық білім беру бөлімдерінде жүйеге бақылаушы жауапты мамандар тағайындалған, бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Ал , білім беру ұйымдарында базаның толтырылуына тікелей басшылары жауапты, — деді Айнагүл Байғанинқызы.
Жиында облыстағы еңбекпен түзеу мекемелері жанындағы екі мектептің интернетпен қамтылмағандығы туралы да айтылды. Сонымен қатар, Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет аудандарындағы кейбір мектептердегі интернет жылдамдығының төмендігі белгілі болды. Басқарма басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова білім беру мекемелерін қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстарының жүріп жатқандығын да қаперге берді.
Алмас ҚАБДОЛОВ